"Тиісуге болмайтын адамдар қалмады": Бас прокуратура қызметкері мас күйінде көлік басқарып ұсталды

23.04.2026 14:37 Арман Ермеков
291
Бас прокуратура қызметкері мас күйінде рөлде болған. Фото: depositphotos.com

Астанада Бас прокуратураның қызметкері мас күйінде әйелінің көлігін жүргізіп ұсталып, 7 жылға куәлігінен айырылды, деп хабарлайды Politico.kz.

Журналист Михаил Козачков өзінің Telegram арнасында Астанадағы құқық қорғау органдары жол ережесін бұзған тағы бір шенеунікті ұстағанын мәлімдеді. Бұл жолы Бас прокуратураның қызметкері мас күйінде рөлге отырған жерінен қолға түскен.

Сот қаулысына сәйкес қадағалау органының қызметкері Әсет Жүкенов 29 наурызда түнгі сағат бір шамасында әйелінің атына тіркелген Cherry Tiggo көлігін тізгіндеген. Құқық бұзушы кінәсін мойындамай, ішімдік ішкенін растағанымен көлікті жүргізбегенін алға тартты. Оның сөзінше ол саябақта қыдырып келген соң жылыну үшін ғана рөлге отырған, ал көлікті басқа адам жүргізген көрінеді.

Алайда полицейлер хаттамаға көліктің қозғалыста болғанын және рөлде дәл Әсет Жүкеновтің отырғанын дәлелдейтін бейнежазбаны тіркеген. Сот отырысына қатысқан Астана прокуратурасының өкілі де тәртіп сақшыларының ұстанымын қолдады. Осыған байланысты сот Бас прокуратура қызметкерін әкімшілік құқық бұзушылық жасағаны үшін кінәлі деп танып, 7 жылға көлік жүргізу құқығынан айырды.

Сонымен қатар заңға сәйкес құқық қорғау органының қызметкерлері мен әскери қызметшілер әкімшілік қамауға алынбайтындықтан, оған қамауға алу жазасы тағайындалмаған. Сот қаулысы апелляциялық сатыдан өтіп, заңды күшіне енді.

Журналистің мәліметінше Бас прокуратура құқық бұзушыға қатысты материалдарды зерделеген, бірақ ол қазіргі уақытта ауырып жатқандықтан оған ешқандай тәртіптік жаза қолдана алмай отыр. Козачков Әсет Жүкеновтің Жоғарғы соттың қылмыстық істер жөніндегі алқасының бұрынғы төрағасы Әбдірашит Жүкеновтің жиені екенін де атап өтті.

«Біздегі заң мен тәртіптің түрі осы, тиісуге болмайтын адамдар мүлдем қалмады», – деп жазды журналист.

Google News

Следите за нашими новостями в Google News

Подписаться
Войдите, чтобы оставить комментарий