TikTok-тағы ескі видео себеп болды: Атырауда пара алған полиция қызметкері сотталды

16.03.2026 11:24 Арман Ермеков
TikTok-тағы ескі видео себеп болды: Атырауда пара алған полиция қызметкері сотталды
234
Фотоколлаж Politico.kz

Атырау қаласында көлік жүргізушісінен пара талап еткен патрульдік полиция қызметкеріне сот үкімі шықты. Бұл қылмыстық іске желіде 2 жылдан кейін таралған ескі видео себеп болған, деп хабарлайды «Ақ Жайық».

Іс материалдарына сәйкес, 2023 жылдың жазында «Toyota Siena» көлігінің жүргізушісі әуежайға барар жолда, Әбілқайыр хан даңғылы бойында қарсы бағытқа шығып кеткен. Бұл қауіпті маневрді көлікте отырған достары видеоға түсіріп алған. Арада 2 жылдан астам уақыт өтіп, 2025 жылдың 15 желтоқсанында әлгі видео TikTok желісінде жарияланып, көп ұзамай полиция батальонының қызметтік чатына түскен.

Басшылықтың тапсырмасымен жүргізушіні іздеуге кіріскен полиция сержанты бейнежазбадан танысының танысын танып қойған. Ол жүргізушіні тауып, тіпті ата-анасының үйіне дейін барып, оны Атырау қалалық полиция басқармасының ғимаратына алып келген. Онда жүргізуші басшылықтың бұйрығымен камера алдында кінәсін мойындап, кешірім сұраған видео түсірген. Әкімшілік жауапкершілікке тарту мерзімі өтіп кеткендіктен, іс осымен аяқталуы тиіс еді. Алайда тәртіп сақшысы оған «көлік жүргізу құқығынан айырамын және айыппұл саламын» деп қорқытып, мәселені шешу үшін 100 мың теңге пара сұраған. Ақшаны тауып беруге бір апта уақыт берген.

Жүргізуші ақшаны беруден бас тартып, қоңырауларға жауап бермей қойғанда, полицей оның туыстарына да маза бермеген. Осыдан кейін жәбірленуші Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Атырау облысы бойынша департаментіне арыз түсірген. Кейінірек ол полицейдің нұсқауымен Kaspi қосымшасы арқылы 90 мың теңге аударған.

Сотта айыпталушы өз кінәсін толық мойындап, өкініш білдірді. Сот оны Қылмыстық кодекстің 366-бабы 2-бөлігі (Пара алу) бойынша кінәлі деп тауып, полиция сержанты арнайы атағынан және мемлекеттік қызметте жұмыс істеу құқығынан өмір бойына айырды. Сондай-ақ оған пара сомасынан 30 есе көп, яғни 2 миллион 700 мың теңге айыппұл салынды. Қамауда және үйқамақта болған уақыты есепке алынып, түпкілікті төленетін сома 2 миллион 388 мың 600 теңге болып бекітілді. Ал заңсыз аударылған 90 мың теңгені жүргізушіге қайтару туралы қаулы шықты.

Сот үкімі әлі заңды күшіне енген жоқ.

Google News

Следите за нашими новостями в Google News

Подписаться
Войдите, чтобы оставить комментарий