Тоқаев әлеуметтік сала туралы: «Қаржы ашықтан-ашық талан-таражға салынып жатыр»

20.01.2026 13:45 Мөлдір Талғат Мөлдір Талғат
Тоқаев әлеуметтік сала туралы: «Қаржы ашықтан-ашық талан-таражға салынып жатыр»
0
61
Фтто: envato

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайдың Қызылордада өтіп жатқан V отырысында әлеуметтік саладағы жемқорлық мәселесіне қатаң тоқталды, деп хабарлайды Politico.kz.

Президенттің айтуынша, ел бойынша барлық ресурс жұмылдырылып жатқан кезеңде білім мен денсаулық сақтау саласына бөлінген қаражаттың едәуір бөлігі мақсатсыз жұмсалып, ұрланып жатыр.

Президент соңғы уақытта өзіне жекеменшік мектептерді қаржыландыру тетігіне қатысты азаматтардан көптеп өтініш түсе бастағанын атап өтті.

«Жуырда Turkistan газетіне берген сұхбатымда бұл мәселеге қатысты ұстанымымды ашық айттым. Қазіргі мемлекеттік қаржыландыру жүйесі бұрмаланған, оны шұғыл түрде түзету қажет. Жекеменшік мектептерге жүргізілген аудит нәтижесінде бірқатар заңсыз және негізсіз шығындар анықталды. Бұл кемшіліктер жан басына шаққандағы қаржыландыру әдістемесінің олқылығынан туындаған», – деді Президент.

Осыған байланысты Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметке білім беру саласын мемлекеттік қаржыландыру жүйесін түбегейлі қайта қарауды, нақты әрі ашық критерийлер қалыптастыруды тапсырды. Сонымен қатар Мемлекет басшысы бизнестің орта білім беру жүйесін дамытудағы оң рөлін де ескеру қажет екенін атап өтті.

Президенттің айтуынша, ұқсас келеңсіз жағдайлар денсаулық сақтау саласында да анықталған. Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына жүргізілген кешенді тексеріс барысында көптеген заңбұзушылық пен асыра сілтеу деректері белгілі болған. Негізінен бұл – жалған есептер, құжаттарды қолдан жасау арқылы мемлекеттік қаржыны ірі көлемде жымқыру фактілері.

«Бүкіл ел экономикалық өсімге, инфрақұрылымдық жобаларға, денсаулық сақтау жүйесін дамытуға күш біріктіріп жатқанда, әлеуметтік салаға бөлінген орасан зор қаражаттың ұрлануы – жол беруге болмайтын жағдай. Тек 2024–2025 жылдары денсаулық сақтау саласына 7,8 триллион теңге бөлінді», – деді Мемлекет басшысы.

Президент білім мен медицинаға жұмсалатын мемлекеттік шығындардың ең алдымен азаматтардың өмір сапасын арттыруға бағытталғанын, бұл Әділетті Қазақстан құру стратегиясының өзегі екенін ерекше атап өтті.

Қасым-Жомарт Тоқаев құқық қорғау органдарына жемқорлық схемаларынан пайда көрген барлық тұлғаларды анықтауды тапсырды. Сондай-ақ ол Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қорын Қаржы министрлігінің қарамағына беру туралы Үкімет шешімін қолдайтынын жеткізді.

«Қорда орын алған жағдай – әлеуметтік саланы басқарған басшылардың кәсібилігінің төмендігі мен мемлекеттік мүддеге салғырт қарауының салдары. Сондықтан шенеуніктердің адалдығына деген қоғамдық сұраныс әлі де өзекті, бұл – жалпыұлттық міндет», – деп түйіндеді Президент.

Google News

Следите за нашими новостями в Google News

Подписаться
Пікірлер (0)
Здесь пока ничего нет
Пікір қалдырыңыз
Войдите, чтобы оставить комментарий