Тоқаев Арал теңізін сақтау мәселесін халықаралық деңгейде көтерді
Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Аралды құтқару жөніндегі халықаралық қордың құрылтайшы мемлекеттері басшыларының кеңесіне қатысты, деп хабарлайды Politico.kz.
Жиында өңірдегі экологиялық мәселелер мен Арал теңізі бассейнін сақтау жолдары талқыланды. Мемлекет басшысы саммитке қатысқан Қырғызстан, Тәжікстан, Түрікменстан және Өзбекстан көшбасшыларына алғыс білдірді. Оның айтуынша, бұл кездесу аймақ елдерінің тұрақты даму қағидаттарына адалдығын және ортақ экологиялық саясатты ілгерілетуге деген ұмтылысын көрсетеді.
Президент жиын барысында Арал теңізі бассейнінің экожүйесін сақтау мәселесі халықаралық деңгейде өзекті екенін атап өтті. Сондай-ақ қордың болашақ даму бағыттары қаралып, нақты әрі бірлескен шешімдер қабылдау қажеттігі айтылды.
Тоқаевтың сөзінше, Арал мәселесі тек аймақ үшін ғана емес, бүкіл әлем үшін маңызды. Осыған байланысты халықаралық ұйымдар мен түрлі мемлекеттердің назары да осы мәселеге ауып отыр.
Жиын қорытындысында мемлекет басшысы өңірдегі тұрақтылық пен өркендеуді қамтамасыз ету – ортақ әрі қолжетімді мақсат екенін жеткізіп, бұл кездесу елдер арасындағы ынтымақтастықты нығайтуға жаңа серпін беретініне сенім білдірді.
Соңғы жаңалықтар