Тоқаев «Халықтық құрылыс» бағдарламасын іске қосуды ұсынды
Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты халыққа Жолдауында «Халықтық құрылыс» бағдарламасына бастамашылық етті, деп хабарлайды Politico.kz.
Мемлекет басшысының айтуынша, бағдарлама аясында тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы саласына қомақты қаржы бөлініп, елді мекендерге газ бен таза ауыз су жеткізіледі.
Үкімет жыл соңына дейін нақты жобалардың бастапқы тізімін әзірлеуі керек. Президент бұл тізім еліміздің барлық өңірін қамтуға тиіс екенін атап өтті.
«Біз халқымыздың артып отырған зор үмітіне лайық болуымыз қажет. Бұл жоспарымыз ел игілігін арттыруға арналып отыр, басқа астарлы ойымыз жоқ. Сондықтан осы үлкен құрылыс қозғалысына «Халықтық құрылыс» деген атау берсек, қарсылық болмас деп сенемін», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президенттің пікірінше, «Халықтық құрылыс» бағдарламасы азаматтардың әл-ауқатын арттыруға, кәсіпкерлікті дамытуға және ұлттық экономиканы жандандыруға ықпал ететін еліміздегі ең ірі инфрақұрылымдық жобалардың біріне айналмақ.
Мемлекет басшысы бастама жүз мыңдаған адамды жұмыспен қамтуға мүмкіндік беретінін де айтты. Оның игілігін бүкіл халық, әсіресе, өскелең ұрпақ көреді деп сенім білдірді.
Соңғы жаңалықтар