Тоқаев Олимпиада чемпионы атанған Михаил Шайдоровты марапаттады

14.02.2026 11:23 Арман Ермеков
Тоқаев Олимпиада чемпионы атанған Михаил Шайдоровты марапаттады
74
Фото: РИА Новости

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Италияда өтіп жатқан XXV қысқы Олимпиада ойындарының алтын жүлдесін жеңіп алған мәнерлеп сырғанаушы Михаил Шайдоровты жеңісімен құттықтады, деп хабарлайды Politico.kz.

Милан және Кортина-д’Ампеццо қалаларындағы додада қазақстандық спортшы ерлер арасындағы жекелей сында үздік өнер көрсетті. Еркін бағдарламада техникалық элементтерді орындағаны үшін 114.68 ұпай, ал бағдарлама компоненттеріне 83.96 ұпай алған жерлесіміз 198.64 ұпай еншіледі. Қысқа бағдарламадағы 92.94 ұпайды қосқанда, Михаил Шайдоров жалпы 291.58 ұпай жинап, жарысты бірінші орынмен аяқтады.

Мемлекет басшысы бұл жеңістің маңызы зор екенін атап өтті. Себебі отандық спорт тарихында Қазақстан мәнерлеп сырғанаудан тұңғыш рет алтын медаль иеленіп отыр. Президент спортшының жоғары шеберлігі мен жеңіске деген ерік-жігеріне ризашылығын білдіріп, барша халықтың бұл жетістікті мақтан тұтатынын жеткізді.

Осы орайда Қасым-Жомарт Тоқаев Михаил Шайдоровты II дәрежелі «Барыс» орденімен марапаттау туралы шешім қабылдады. Сондай-ақ Мемлекет басшысы жаттықтырушыларға, Конькимен мәнерлеп сырғанау федерациясына және жауапты министрлікке атқарған жұмыстары үшін алғыс айтып, чемпионға толайым табыс тіледі.

Google News

Следите за нашими новостями в Google News

Подписаться
Войдите, чтобы оставить комментарий