Тоқаев: Өркениетті ел заман көшінен қалмауы керек
Өркениетті ел болу үшін әлемдегі өзгерістерден қалыспай, үнемі бәсекеге қабілетті болу қажет, деді Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Халық кеңесінің бірінші сессиясында. Президент уақытпен бірге заман талабы да өзгеретінін айтып, қоғамдағы пікір алмасуды дамытуға шақырды, деп хабарлайды Politico.kz.
Тоқаевтың сөзінше, Халық кеңесі ұлттық санаға серпін беріп, жұртты ортақ мүддеге жұмылдыру үшін құрылған.
«Дегенмен уақыт бір орында тұрмайды, бұл – өмірдің заңы. Сондықтан, заманның тұрпаты да, талабы да өзгеріп отырады.
Өркениетті ел болу – жаһан көшінен қалмай, үнемі бәсекеге қабілетті болу деген сөз.
Біз ұлттық сана-сезімге серпіліс беріп, жұртымызды ортақ мүддеге жұмылдыру үшін қоғамдық диалогті одан әрі дамыта түсуіміз қажет. Қазақстан Халық Кеңесін құрудағы басты мақсатымыз да – осы.
Ел тарихында алғаш рет қоғам мүддесі жолында еңбек етіп жүрген түрлі топтағы адамдар бір құрылым аясында бірікті.
Мұны «Түрлі көзқарас – біртұтас ұлт» тұжырымдамасының іс жүзіндегі нақты көрінісі деп айтуға болады.
Қазақстан Халық Кеңесінің құрылуы жалпыұлттық бірлігіміздің анағұрлым нығайып, институционалдық сипатқа ие болғанын көрсетті.
Осылайша, Қазақстан Халық Кеңесінде ел ынтымағын күшейте түсетін тиімді, алдын ала мұқият зерттелген бастамалар жүзеге асырылады.
Осы орайда, Қазақстан Халық Кеңесінің конституциялық мәртебесіне тағы да назар аударғым келеді. Бұл қадам орасан зор мүмкіндіктерге жол ашады», деді мемлекет басшысы.
Осы жиында президент Қазақстанды әлемге орта держава ретінде танытып, ел мүддесін қорғауды мақсат ететінін де айтқан болатын.
Соңғы жаңалықтар