Тоқаев Қазақстанда жаңа тарихи кезең басталғанын мәлімдеді
Қазақстанда саяси жүйе түбегейлі өзгеріп, жаңа билік институттары құрылып жатыр. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа арнаған кезекті Жолдауында елде болып жатқан тарихи өзгерістерге тоқталды, деп хабарлайды Politico.kz.
Мемлекет басшысы «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты Қазақстан халқына Жолдауын жариялап жатыр.
– Бүгін мен Мемлекет басшысы ретінде Қазақстан халқына дәстүрлі Жолдауымды жариялаймын. Бұл Жолдаудың мәні де, мазмұны да айрықша, – деді Президент.
Тоқаев сөзін еліміздің егемендік алу тарихынан бастады. Ол 25 қазанда атап өтілген Республика күнінің маңызына тоқталып, биыл Қазақстан тәуелсіздігіне 35 жыл толатынын еске салды.
– 25 қазанда ұлттық мерекеміз – Республика күнін атап өттік. Осы күні Егемендік туралы декларация қабылданды. Біз дербес ел болу жолында батыл қадам жасадық. Көп ұзамай Тәуелсіздік туын биікке көтеріп, елдігіміздің іргесін бекіттік. Міне, биыл қасиетті Тәуелсіздігімізге 35 жыл толып жатыр. Бұл тарихи меженің ұлт шежіресінде алатын орны бөлек, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент биыл наурыз айында қабылданған жаңа Конституцияға да ерекше тоқталды. Оның айтуынша, бұл құжат Қазақстанның қазіргі жағдайын ғана емес, болашақтағы даму бағытын да айқындайды.
– Конституцияны бірнеше ұрпақтар арасындағы қастерлі келісім деп атауға болады. Өйткені Конституцияда Қазақстанның қазіргі бітім-болмысы мен болашақтағы бейнесі нақты айқындалды, – деді Мемлекет басшысы.
Тоқаевтың сөзінше, халық қолдаған Конституция 1 шілдеде күшіне еніп, елдің саяси жүйесін жаңғыртуға жол ашқан.
– Азаматтарымыз жаппай қолдаған Конституция 1 шілдеде заңды күшіне еніп, еліміздің саяси жүйесінің түбегейлі жаңғыруына, жаңа билік институттарының құрылуына үлкен серпіліс берді, – деді Президент.
Мемлекет басшысы елде болып жатқан өзгерістерге қоғамның өзі де белсенді қатысып отырғанын айтты.
– Жұртымыз жарқын болашаққа бастайтын ауқымды жұмысты атқаруға белсенді түрде кірісті. Ел өміріндегі тарихи өзгерістердің барлығы халықтың көз алдында болып жатыр. Бұл мәселе аса маңызды болса да, көп сөз айтудың қажеті жоқ деп ойлаймын, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Айта кетейік, Президент Жолдауына Құрылтай депутаттары, Үкімет пен Қазақстан Халық Кеңесінің мүшелері, орталық және жергілікті мемлекеттік органдардың басшылары, қоғам өкілдері мен еңбеккерлер қатысып жатыр.
Соңғы жаңалықтар