Тоқаев Ресеймен ынтымақтастықта «Солтүстік Оңтүстік» бағытының маңызын атап өтті
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ресеймен ынтымақтастықта «Солтүстік Оңтүстік» көлік бағыты Қазақстан үшін маңызды екенін айтты, деп хабарлайды Politico.kz.
Мемлекет басшысы Қазақстан көлік инфрақұрылымын жүйелі түрде дамытып жатқанын атап өтті. Оның сөзінше, бұл өңірдегі елдер арасындағы байланысты кеңейтуге мүмкіндік береді.
«Мойынты мен Қызылжар, Дарбаза мен Мақтаарал арасындағы теміржол желілерінің құрылысы аяқталуға таяу. Келесі жылы Бақты мен Аягөз бағыты ашылады. Бұл өте маңызды, тіпті стратегиялық сипаты бар бағдарлар», деді Президент.
Тоқаев Қытайды Каспий теңізімен және Еуропа нарығымен байланыстыратын Арал мен Каспий арасындағы магистраль құрылысы басталғанын да айтты.
«Қазақстанның көлік инфрақұрылымын ауқымды түрде жаңғырту тұтас аймақтың транзиттік рөлін күшейте түсетініне сенімдімін. Транскаспий халықаралық көлік дәлізін дамытуға баса мән беріледі. Соңғы жылдардың динамикасы Орта дәлізге сұраныстың артып келе жатқанын көрсетеді. Ресеймен ынтымақтастық тұрғысынан Солтүстік Оңтүстік бағыты да Қазақстан үшін өзекті», деді Мемлекет басшысы.
Президент аймақтағы елдердің шекара маңында құрылған сауда және логистика кешендері мен өнеркәсіп кооперациясы орталықтарына да тоқталды.
«Қосылған құнның өңірлік тізбегін құру үшін жақын арада оларды бір-бірімен байланыстыру қажет. Жалпы, елдерімізде инвестиция, энергетика, өндіріс салалары мен басқа да стратегиялық бағыттарда өзара ықпалдастыққа жағдай жасалған», деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Соңғы жаңалықтар