Тоқаев шет ел басшылары мен халықаралық ұйымдарға алғыс айтты
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Тәуелсіз Қазақстан тарихындағы алғашқы бір палаталы Құрылтай сайлауының сәтті өтуіне орай құттықтау жолдаған шет мемлекеттердің басшыларына алғыс айтты, деп хабарлайды Politico.kz.
Мемлекет басшысы Ресей Президенті Владимир Путинге, Қырғызстан Президенті Садыр Жапаровқа, Әзербайжан Президенті Ильхам Әлиевке, Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёевке, Тәжікстан Президенті Эмомали Рахмонға ризашылығын жеткізді.
Тоқаев достас мемлекеттер басшыларының өз елдерін орнықты дамытуға бағытталған жобалары мен бағдарламаларын табысты жүзеге асыруына тілектестік білдірді.
Мемлекет басшысы бұл парламент сайлауы Қазақстан азаматтарының ынтымағын байқатып, халқымыздың, әсіресе, өскелең ұрпақтың жарқын келешегі үшін жоғары деңгейде жауапкершілік танытқанын, нағыз отаншылдық үлгісін паш еткенін атап өтті.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың пікірінше, Қазақстанның жан-жақты жаңғыруы, саяси және экономикалық реформалар үздіксіз жүргізілетін үрдіске айналды. Құрылтай сайлауының қорытындысы азаматтардың басым бөлігі мемлекеттің бағыт-бағдарын толық қолдайтынын көрсетіп отыр. Бұл Әділетті, Озық және Таза Қазақстан құру жөніндегі жоспарды ойдағыдай орындауға сенімді кепіл болмақ.
Сонымен қатар Мемлекет басшысының атына көптеген халықаралық ұйымдар жетекшілерінен құттықтаулар келіп түсті. Олардың қатарында ШЫҰ, ТМД, ҰҚШҰ, ЕАЭК, ЭЫҰ, ТҮРКСОЙ және басқа да ұйымдар бар.
Еске салайық, еліміздегі бұл маңызды саяси науқан 23 тамыз күні өткен болатын.
Соңғы жаңалықтар