Тоқаев жасанды интеллект Қазақстан өнеркәсібінде нені өзгертетінін айтты

02.10.2026 • 16:49 Абзал БАХЫТЖАНОВ
Тоқаев жасанды интеллект Қазақстан өнеркәсібінде нені өзгертетінін айтты
141
Фото: Ақорда

Табиғи байлық пен қаржыға ие болу аздық етеді: енді өндірістің тиімділігі үшін де бәсеке күшейді. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан осы өзгерістен қалыс қалмай, жасанды интеллектінің мүмкіндігін пайдалануы керек екенін айтты, деп хабарлайды Politico.kz.

Ақордада мемлекет басшысының төрағалығымен Жасанды интеллектіні дамыту жөніндегі кеңестің үшінші отырысы өтті. Онда өнеркәсіпті цифрлық технологиялар арқылы түбегейлі жаңарту мәселесі қаралды.

Тоқаев БҰҰ-ның Өнеркәсіптің дамуы туралы 2026 жылғы есебіне сілтеп, жасанды интеллект әлем экономикасын өзгертетін бес ірі бағыттың бірі ретінде танылғанын атап өтті. Соңғы бес жылда ЖИ-мен байланысты патенттердің үлесі шамамен үш есе өскен.

«Қазақстан осы мүмкіндіктерді қалт жібермеуі қажет. Басты міндет – еңбек өнімділігін арттыру, технологиялық жаңғыруды жеделдету және қосылған құны жоғары өнім өндіруді кеңейту. Осы жұмыстарды атқаруда жасанды интеллект негізгі құралдардың бірі болуға тиіс», деді президент.

Мемлекет басшысының айтуынша, 2029 жылға дейінгі Digital Kazakhstan стратегиясы аясында жасанды интеллектіні дамыту мен қолданудың біртұтас ұлттық жүйесі қалыптасып келеді. Оның мақсаты – экономикада нақты нәтижеге қол жеткізу.

Биылғы сегіз айда өнеркәсіптегі өндіріс көлемі 46 триллион теңгеге жуықтаған, ал өңдеу өнеркәсібі былтырғы сәйкес кезеңмен салыстырғанда 8,4 пайызға өскен. Тоқаев өсімнің жоғары қарқынын сақтау үшін өнеркәсіптің өндірістік негізін жаңарту қажет екенін айтты.

Президент ЖИ-дің өндірістегі рөлін инженерлер мен басшылардың жұмысы арқылы түсіндірді.

«ЖИ-дің шынайы құндылығы сол – адам әлеуетін күшейтеді. Яғни ЖИ инженерлерге нақты қадамдар жасауға, жұмыс тиімділігін ұлғайтуға, басшылыққа қажет кезінде дереу талдау деректеріне сүйеніп, жедел әрі дұрыс шешім қабылдауға мүмкіндік береді. Өнеркәсіптегі саясатымыз осы қағидатқа негізделген», деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Войдите, чтобы оставить комментарий