Тоқаевтың Түркияға сапары Қазақстанға не берді?

Тоқаевтың Түркияға сапары Қазақстанға не берді?
30.07.2025 11:28
0
229
Коллаж: POLITICO.KZ

Тоқаевтың Түркияға сапары Қазақстанға не берді?

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Түркияға жасаған ресми сапары геосаяси ахуал құбылып тұрған қазіргі кезеңде Қазақстан сыртқы саясаты үшін маңызды оқиға. Бұл туралы саясаттанушы Сұлтан Әкімбеков Kazinform тілшісіне берген сұхбатында айтты.

Бүгінгі геосаяси жағдайда бұл сапар қаншалықты маңызды?

— Қазіргі аса құбылмалы және тұрақсыз әлемде Президенттің Түркияға сапары өте орынды әрі маңызды. Себебі Түркия тек Таяу Шығыста ғана емес, бүкіл аймақта салмағы бар ел. Ол әртүрлі күштермен бірдей сөйлесе алатын ел ретінде ерекшеленеді. Қазір идеологиядан гөрі прагматизм басым түсіп тұрған уақыт. Түркияның қазіргі сыртқы саясаттағы ұстанымы дәл осы жаңа талаптарға сай келеді.

Сапар аясында логистика саласындағы әріптестікке ерекше мән берілді. Бұл бағытта Қазақстан үшін қандай мүмкіндіктер ашылмақ?

— Бүгінде Түркия Қазақстан үшін тек тарихи-мәдени жақындық тұрғысынан емес, саяси және экономикалық тұрғыдан да аса маңызды серіктеске айналды. Бұл Түркі мемлекеттері ұйымындағы ынтымақтастықтың бір көрінісі. Түркияның жаһандық және аймақтық саясаттағы белсенді рөлі Қазақстанның көпвекторлы саясатымен үндеседі. Қазір аймақта бұрын тек алпауыт елдер әрекет етсе, енді Түркия сияқты өңірлік ойыншылар да белсенді бола бастады.

Сапар қорытындысында 160 миллиард теңге көлемінде инвестиция тартылатыны мәлім болды. Бұл қаншалықты маңызды?

— Түркия Қазақстан үшін экономикалық әріптес ретінде де ерекше рөл атқарады. Әсіресе көлік-транзит дәліздерін дамытуда. Қазақстан құрлықтың дәл ортасында орналасқан мемлекет, сондықтан барлық бағыттағы жолдар – Солтүстік–Оңтүстік, Батыс–Шығыс – біз үшін аса маңызды. Осы тұрғыда Каспий, Кавказ және Түркия арқылы өтетін Орта дәліз жобасы бізді Жерорта теңізі мен Еуропаға шығарады. Бұған Баку–Жейхан мұнай құбырын мысал етуге болады.

Түркиямен инвестициялық әріптестіктің ерекшелігі неде?

— Түркиядан келетін инвестициялардың бір ерекшелігі олар аса әртараптандырылған, яғни әртүрлі салалар мен шағын және орта жобаларға бағытталады. Бұл алып экономикалардан келетін инвестициялардан өзгеше тәсіл. Бірақ дәл осындай тәжірибе біздің экономикаға тың серпін береді. Оның үстіне, түрік бизнесі еуропалық тәжірибеге сүйене отырып дамыған. Сондықтан олардың жобалары бәсекеге қабілетті, әрі өңірлік нарыққа бейімделген.

Қорытындылай келе, Түркиямен арадағы ынтымақтастық Қазақстанның қазіргі геосаяси және экономикалық стратегиясымен толық үндеседі. Бұл сапар көпвекторлы саясаттың нақты іске асып жатқанын көрсететін маңызды қадам.

Айта кетейік, кездесу барысында Қасым-Жомарт Тоқаев Түркияның ең мәртебелі «Devlet Nişanı» мемлекеттік орденіне ие болды. 

Пікірлер (0)
Здесь пока ничего нет
Пікір қалдырыңыз
Войдите, чтобы оставить комментарий