«Төртеуі де зейнетақысын шешіпті»: Атырауда жоғалған отбасы туралы тың деректер жария болды
Журналист Гүлмира Әбіқай желідегі парақшасында бұған дейін жоғалып кеткені айтылған атыраулық отбасы туралы деректерді жария етті, деп хабарлайды Politico.kz.
«Атырау облысында ұшты-күйлі жоғалған отбасы жайлы күн сайын түрлі дерек келуде. Өзге емес, өз туыстарының сөзіне сенсек, із-түссіз ғайып болғандар төртеу емес, алты адам. Мақсот ағамыздың 2 қыз, 1 ұлы бар. Алдымен «Ақтаудан жұмыс таптым» деп жалғыз ұлы Наурыз хабарсыз кетеді. Жаз басында жоғалған Наурыздың ватсабы кешеге дейін іске қосылып түрған, дейді Мақсоттың қарындасы Әсилә», - деп жазды журналист.
Оның айтуынша, қарашаның басында «дәрігерге қаралып келеміз» деп сыбыс таратқан отбасы сол күйі үйге қайта оралмаған. Үйлері жинақы, бәрі орнында. Малы қорада, тоңазытқыштағы сүт-майлары сақтаулы тұр.
«Мақсот ағамыздың 2 қызының үлкені Мирамгүл өздерімен бірге ұшты-күйлі жоқ, екінші қызы тұрмыста, басқа ауылда тұрады. «Ақбаян да күйеуі Сұлтанмен бірге 5-ші қараша жолға шығып, сол күйі үйіне оралмаған. Екеуінің 5 баласын күнде есікке елеңдеп енесі қарап отыр» дейді Әсилә.
Жоғалған отбасының екеуі зейнеткер, екеуі мүгедектік жәрдемақы алады. Ең қызығы, қараша-желтоқсан айларындағы пенсияларын төртеуі түгел шешіп алыпты. Ауладағы азын-аулақ малдары да Наурыздың ватсабы арқылы саудаланған. Сонда, тұтастай бір әулеттің 6 адамы қайда кетті? Жоғалудың басы 6 ай бұрын басталғанымен полиция іздестіруді 29.12.2025 жариялады. Не болса да ел ішінде, аман болса екен», - деп жазды журналист.
Еске салсақ, Атырау облысында полиция қызметкерлері жұмбақ жағдайда жоғалып кеткен бір отбасын іздестіріп жатқанын жазған едік.
Соңғы жаңалықтар