Тойға 6 млн теңге несие алған әйел сотқа жүгінді
Павлодар облысында отбасылық жиын өткіземін деп 6 млн теңгеден астам қарызға батқан 2 баланың анасы сотта жеңіске жетіп, ресми түрде банкрот атанды, деп хабарлайды Politico.kz.
Павлодар облыстық соты 2019 жылы той жасау үшін бірнеше жерден несие алып, кейін оны төлей алмай қалған әйелдің шағымын қанағаттандырды.
Бастапқыда бірінші сатыдағы сот тұрақты табысы жоқ әйелдің арызын кері қайтарған. Бұл шешіммен келіспеген келіншек апелляциялық шағым түсіріп, істің қайта қаралуына қол жеткізді. Сотқа жүгінген кезде оның банктер алдындағы жалпы қарызы 6 344 644 теңгеге жеткен.
Сот алқасы істі зерттей келе әйелдің берешегі заңмен бекітілген шектен асатынын және міндеттемелері 12 айдан астам уақыт бойы төленбегенін ескерді. Сонымен қатар қаржы басқарушысы қарыз сомасын дұрыс есептемегені белгілі болып, борышкердің әрекетінен ешқандай арам пиғыл табылған жоқ.
Судьялар тұрақты жұмыс пен кірістің болмауы банкроттық рәсімін қолданудан бас тартуға негіз бола алмайтынын нақтылады. Осылайша бірінші сатыдағы сот шешімінің күші жойылып, қарызға батқан ананы банкрот деп тану туралы жаңа акт заңды күшіне енді.
Айта кетейік, бұған дейін Мәжіліс депутаттары халықтың несиеге той жасау әдетін бірнеше рет сынаған болатын. Тіпті 2025 жылы депутат Ардақ Назаров отбасылық мерекелер үшін банктерден қарыз беруге толықтай тыйым салуды ұсынған еді.
Соңғы жаңалықтар