Трамп Путинге жеті маңызды жеңілдік жасап, Украина позициясын әлсіретті

Трамп Путинге жеті маңызды жеңілдік жасап, Украина позициясын әлсіретті
27.03.2025 12:43
0
1123
Yuri Gripas/Abaca/Bloomberg/Getty Images
АҚШ Путинге жол бере отырып, Украинаның позициясын әлсіретті

АҚШ президенті Дональд Трамп Украинадағы соғысты тоқтату үшін келіссөздер жүргізуде Владимир Путинге жеті маңызды жеңілдік жасап, Киевтің ұстанымын айтарлықтай әлсіретті, деп хабарлайды POLITICO.KZ Politico басылымына сілтеме жасап.

Politico жариялаған сараптамада Трамп әкімшілігінің Путинге жасаған негізгі жеті жеңілдігі көрсетілген.

Біріншіден, Трамп билікке келгеннен кейін бірден Путинмен тікелей диалогқа шығып, Ресейдің халықаралық оқшаулануын ертерек аяқтады. Сарапшылардың пікірінше, бұл Кремльдің ұстанымын күшейтіп, Мәскеуге дипломатиялық басымдық берді.

Екіншіден, ақпан айында Сауд Арабиясында АҚШ пен Ресей арасында өткен келіссөздерге Украина мен Еуропа одағы қатыспады. Нәтижесінде Украина өз мәселесін талқылаудан тыс қалды.

Үшіншіден, Трамп әкімшілігі келіссөздерде тек Украинадан жер беру сияқты нақты жеңілдіктер күтті. Мысалы, Запорожье атом электр станциясын бақылаудан бас тарту ұсынылды.

Төртіншіден, Трамп Украина президенті Владимир Зеленскийге қатаң қысым көрсетті: қару-жарақ жеткізу мен барлау мәліметтерін уақытша тоқтатып, Зеленскийді «диктатор» деп атады. Ресейден мұндай талаптар қойылмаған.

Бесіншіден, АҚШ Украинаға қауіпсіздікке қатысты нақты кепілдіктер беруден бас тартты. Оның орнына Украинадағы сирек кездесетін пайдалы қазбаларды игеру арқылы экономикалық кепілдіктер ғана ұсынылды.

Алтыншыдан, Трамп әкімшілігі Ресейдің әскери қылмыстарын тергеуге арналған халықаралық жобалардан шығып, Ресейдің жалған ақпарат таратуына қарсы бағдарламаларды да тоқтатты.

Жетіншіден, Трамп әкімшілігі Украинадағы соғыс НАТО-ға кіруге ұмтылғаны үшін басталды деген Путиннің тезисін қабылдады. Сарапшылардың айтуынша, бұл Ресейдің агрессиясын ақтап, Кремльдің ұстанымын заңдастыруға алып келді.

Politico басылымының бағалауынша, Трамптың бұл дипломатиялық әрекеттері Украинаның позициясын әлсіретіп, Путиннің қолын күшейтуге септігін тигізді.

Пікірлер (0)
Здесь пока ничего нет
Пікір қалдырыңыз
Войдите, чтобы оставить комментарий