Түркістан облысында анасы екі ұлымен түтінге уланып көз жұмды
Түркістан облысы Ордабасы ауданы Шұбарсу ауылындағы жеке тұрғын үйде бір отбасының үш мүшесі улы газдан көз жұмды, деп хабарлайды Politico.kz КТК телеарнасына сілтеме жасап.
Олардың бірі - анасы, екеуі - бала. Зардап шеккен тағы бір бала бүгін ауруханадан шығарылды.
Телеарнаның мәліметінше, 38 жастағы әйел екі ұлымен бірге түтінге уланып көз жұмды. Мектепте оқитын тағы бір ұл аудандық ауруханада жатыр. Тәрбиеші болып істейтін әйел балабақшаға бармаған соң іздеп келген әріптестері есікті бұзып ашыпты.
«Келген кезінде есік құлыптаулы, телефонға қоңырау барып тұрған. Іштен бір ыңырсыған дауыс естіледі. Сонымен меңгеруші балабақшаға хабарлайды. Сөйтіп күллі балабақшаның адамдары келіп, есікті бұзып кірген. Мен жедел жәрдемді көріп, у-шудан жүгіріп келдім ғой, жақын жерде тұрамын. Келсек, балаларын сыртқа шығарып қойған, жүрегі соқпайды, үзіліп кеткен екен», - дейді марқұмның туысы Жамбыл Дәулетов.
38 жастағы Раушан Ахметова Шұбарсу ауылына төрт жыл бұрын ажырасқан соң көшіп келген екен. Үш ұлымен жалдамалы жер үйде тұрып жатқан. Көмір жағылатын пеш мұржасын әне-міне тазалаймын деп жүргенін көршілеріне айтқан екен. Бірақ үлгерген жоқ. Бес және жеті жасар ұлымен бірге оны Отырар ауданына жерлейді. Ал періштесі қаққан ұлын енді әкесі қарайды. 7-сынып оқитын балаға анасы мен інілерінен айырылғанын әлі естіртпепті. Осы жағдайдан кейін жергілікті билік пеш жағатындарға ескертуді күшейтеміз деп отыр.
«Бұның алдында бұл үйде болғанбыз, жаңағы Раушаның өзімен де жолығып, есігінің алдында түсіндіру жұмыстарын жүргізгенбіз. Алайда осындай жағдай орын алды. Енді ауыл округінің бәріне осы жұмысты күшейтсек пе деп отырмыз», - дейді Шұбарсу ауыл округі әкімінің орынбасары Ғабит Аман.
Соңғы жаңалықтар