Түркістан облысындағы өртке байланысты Үкіметтік комиссия құрылды

18.11.2025 11:00 Арман Ермеков
Түркістан облысындағы өртке байланысты Үкіметтік комиссия құрылды
0
290
Фото: коллаж POLITICO.KZ

Түркістан облысында 12 адамның, оның ішінде 9 баланың өмірін қиған жантүршігерлік өртке байланысты Президенттің тапсырмасымен шұғыл Үкіметтік комиссия құрылды. Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев бастаған комиссия мүшелері қайғылы оқиғаның мән-жайын анықтау үшін оқиға орнына ұшып шықты, деп хабарлайды POLITICO.KZ.

Комиссия төрағасы Қанат Бозымбаевтан бөлек, оның құрамына Төтенше жағдайлар, Ішкі істер, Денсаулық сақтау, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрліктерінің, сондай-ақ Түркістан облысы әкімдігінің басшылығы енгізілді.

Еске сала кетейік, бұл қайғылы оқиға, 18 қараша күні таңертең Жетісай ауданының Алғабас ауылында орын алды. Жеке тұрғын үйде шыққан тілсіз жаудың салдарынан екі отбасының мүшелері қаза тапты. Өрт кезінде үйдің шатыры опырылып, ортасына құлаған.

Бұл сұмдық өрттен екі ересек адам мен бір бала ғана тірі қалды. Қазіргі уақытта олар жансақтау бөлімінде жатыр, дәрігерлер олардың жағдайын ауыр, бірақ тұрақты деп бағалап отыр.

Үкіметтің хабарлауынша, зардап шеккендер мен қаза тапқандардың отбасыларына барлық қажетті медициналық және психологиялық көмек көрсетіледі. Жергілікті әкімдікке өрт салдарынан қаза тапқандарды жерлеуді ұйымдастыруға жәрдемдесу тапсырылды.

Облыстық полиция департаменті бұл жайт бойынша «Өрт қауіпсіздігі талаптарын бұзу» бабымен қылмыстық іс қозғады. Үкіметтік комиссия өрттің нақты себептерін тергеп-тексеру қорытындысы бойынша қосымша шешімдер қабылдайтын болады. Комиссияның жұмысы ерекше бақылауға алынды.

Пікірлер (0)
Здесь пока ничего нет
Пікір қалдырыңыз
Войдите, чтобы оставить комментарий