Түркістанда көршілерінен соққыға жығылған жігіт полициядан қысым көргенін айтты

Түркістан облысы Сайрам ауданында көршілерінен соққыға жығылған тұрғын полиция тарапынан қысым көргенін мәлімдеді, деп хабарлайды POLITICO.KZ саяси-әлеуметтік порталы.
Әлеуметтік желіде өзінің жағдайы туралы бейнеүндеу жариялағаннан кейін жәбірленушіні жергілікті полиция бөліміне шақыртып, алты сағат бойы ұстаған. Оның айтуынша, бөлім басшысы видеоны өшіруді талап етіп, дөрекілік танытқан.
Жәбірленушінің сөзінше, оны тергеу амалдарына қатысу үшін танысымен бірге полиция бөліміне шақырған. Алайда, оларды алты сағат бойы ұстап, осы уақыт аралығында қасындағы танысының денсаулығы нашарласа да, дереу босатпаған. Сонымен қатар, ол тергеу бөлімінің бастығы туыстарына хабарласып, мазасын алып жатқанын да қоса айтты.
Естеріңізге сала кетейік, бұл оқиға көршілер арасындағы тұрмыстық жанжалдан басталған. Бір күн бұрын жәбірленуші өз үйінде бір топ адамның шабуылына ұшырап, ауыр дене жарақатын алғанын айтып, Egov.Press Telegram-арнасы арқылы видеоүндеу жариялаған болатын. Ол видеода миы шайқалғанын, бет және жақ сүйектері сынғанын мәлімдеген.
Бұған Түркістан облысының Полиция департаменті аталған дерек бойынша Қылмыстық іс қозғалғанын, оқиғаға қатысқандардың барлығы анықталып, тергеу жүріп жатқанын хабарлаған еді. Ведомство жанжалдың тұрмыстық негізде болғанын айтып, тергеу қорытындысымен құқықтық баға берілетінін жеткізген.
Соңғы жаңалықтар





