Түркістанда жасөспірімді зорлап, өлтірген қылмыскер сотталды
Түркістан облысында кәмелетке толмағанға қатысты аса ауыр қылмыс үшін өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды, деп хабарлайды Politico.kz
Түркістан облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты кәмелетке толмағанға қатысты аса ауыр қылмыстар бойынша айыпталған азамат И.-ге қатысты қылмыстық істі қарады. Ол басқа қылмысты жасыру мақсатында кәмелетке толмағанды өлтіру, кәмелетке толмағанды зорлау және оған қатысты жыныстық зорлық-зомбылық әрекеттерін жасау баптары бойынша айыпталған.
Сот анықтағандай, 2025 жылғы 6 маусымда шамамен сағат 00:30-да сотталушы жұмыстан үйіне қайтып келе жатып, К. дүкенінде кәмелетке толмаған сатушыға шабуыл жасаған. Ол жәбірленушіні зорлап, өзге де жыныстық зорлық-зомбылық әрекеттерін жасап, кейін тұншықтырып өлтірген.
Сот шешімімен сотталушының кінәсі сот-сараптамалық қорытындылармен, бейнематериалдармен және қылмыстық іс бойынша өзге де дәлелдемелермен толық дәлелденді. Жаза түрлерін қосу арқылы оған өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.
Сонымен қатар, сот үкімімен сотталушыдан жәбірленуші тараптың өкіліне моральдық зиянды өтеу үшін 50 миллион теңге өндіріп алу белгіленді.
Айта кетейік, сот үкімі әзірге заңды күшіне енген жоқ.
Соңғы жаңалықтар