Түрме басқарған түрмеге түсті
Павлодардағы түзеу мекемесінің басшысы мемлекеттік құпияны ашқаны үшін сотталды, деп хабарлайды Politico.kz
Павлодар қалалық соты қылмыстық-атқару жүйесіне қарасты №45 мекеменің бұрынғы жетекшісіне қатысты үкім шығарды. Шенді қызметкер лауазымдық өкілеттігін асыра пайдаланып, заңға қайшы әрекеттерге барғаны үшін айыпталды.
Тергеу барысында анықталғандай, колонияның экс-бастығы жазасын өтеп жатқан жекелеген азаматтарға қолайлы әрі артықшылықты жағдай жасап келген. Әрине, бұл қызметін ол тегін емес, белгілі бір сыйақы есебінен жүзеге асырған.
Сонымен қатар, айыпталушының қызметтік міндетін атқару кезінде қызметтік ақпаратты сыртқа шығарғаны белгілі болды. Бұл ретте мемлекеттік айыптаушының белсенді әрі қатаң ұстанымының арқасында оның құпия мәліметтерді жария етуге жол бергені толықтай дәлелденді.
Қылмыстардың жиынтығын негізге ала отырып, сот төрағасы қатаң шешім қабылдады. Енді бұрынғы лауазым иесі 6 жыл 6 ай уақытын темір тордың ар жағында өткізеді. Бұдан бөлек, ол подполковник арнаулы шенінен және мемлекеттік қызметте жұмыс істеу құқығынан өмір бойына айырылды.
Әзірге сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.
Соңғы жаңалықтар