Түрме бастығының орынбасары жол апатына себепкер болды: 4 жасар бала жансақтау бөлімінде жатыр

06.02.2026 09:58 Арман Ермеков
Түрме бастығының орынбасары жол апатына себепкер болды: 4 жасар бала жансақтау бөлімінде жатыр
281
Фото: БӘСЕ

Қарағанды облысында қылмыстық-атқару жүйесінің жоғары шенді қызметкері жол апатына себепкер болды, деп хабарлайды Politico.kz.

Оқиға 29 қаңтарда Шахтинск – Қарағанды тас жолында болған. Алдын ала мәлімет бойынша Chevrolet маркалы көлік белгіленген жылдамдықты асырып, жолдың қарсы бетіне шығып кеткен. Салдарынан ол Chrysler автокөлігімен бетпе-бет соқтығысқан. Жол апатынан бір ер адам мен 4 жасар бала ауыр жарақат алып, шұғыл түрде ауруханаға жеткізілді.

Белгілі болғандай Chevrolet көлігінің тізгінінде ҚР Ішкі істер министрлігі Қылмыстық-атқару жүйесі комитетінің "№31 мекеме" республикалық мемлекеттік мекемесі бастығының орынбасары, әділет майоры Бауыржан Есбергенов отырған.

«Оқиға бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 345-бабы 2-бөлігімен (Абайсызда адам денсаулығына ауыр зиян келтіруге әкеп соққан жол жүрісі қағидаларын бұзу) қылмыстық іс қозғалды», – деп хабарлады Қарағанды облысының полиция департаменті өкілдері Ulysmedia.kz басылымына.

Қазіргі уақытта Абай аудандық полиция басқармасы сотқа дейінгі тергеу амалдарын жүргізіп жатыр. Қажетті сараптамалар тағайындалды. Істің барысы облыстық анықтау басқармасының бақылауына алынған.

«Бәсе» арнасының мәліметінше, дәрігерлер баланың бас сүйегі сынып, миы, өкпесі және бауыры қатты зақымданғанын анықтады. Қазір бала жансақтау бөлімінде жатыр. Ал әкесінің оң аяғы сынған. Майор Есбергенов тек жеңіл жарақат алған.

Дереккөздің мәлімдеуінше, №31 мекеменің бастығы Ерболат Әбікеев қарамағындағы қызметкерді жауапкершіліктен құтқару үшін әрекет етіп жатқан көрінеді. Ол полициямен бейресми келіссөздер жүргізіп, бапты өзгерту арқылы жазаны жеңілдетуге күш салып жатқаны айтылады. Мекеме бастығы жәбірленуші тарапқа бүлінген көлікті мекемедегі сотталғандардың күшімен жөндеп беруді ұсынған көрінеді. Алайда апатқа кінәлі тарап зардап шеккен отбасыға әзірге ешқандай қаржылай көмек көрсетпеген.

Google News

Следите за нашими новостями в Google News

Подписаться



Войдите, чтобы оставить комментарий