Түрмеден шыққандардың барлығы енді бақылауға алынады

Қамаудан босатылған барлық азамат әкімшілік қадағалауға алынбақ, деп хабарлайды POLITICO.KZ.
Астана. 15 қазан. Мәжілісте қаралған жаңа заң жобасы аясында бас бостандығынан айыру орындарынан босатылған барлық азаматқа қатысты әкімшілік қадағалау енгізілмек. Бұл қылмыстың алдын алуға бағытталған кешенді шаралардың бір бөлігі ғана.
Заң жобасындағы ең басты жаңалықтардың бірі – осы. Бұған дейін мұндай қатаң бақылау тек педофилдерге, лаңкестерге және қайтадан ауыр қылмыс жасағандарға ғана қолданылса, енді бұл шара түрмеден шыққан әрбір азаматты қамтиды. Бұл олардың қоғамдық тәртіп пен оңалту шарттарын сақтауын қадағалауға мүмкіндік береді. Әлеуметтік оңалту бағдарламалары олардың қоғамға қайта бейімделуіне көмектеспек.
Сонымен қатар, құқық бұзушылықтың алдын алудың жекелеген шараларына ерекше мән беріліп отыр. Қылмысты ерте сатысында анықтап, оған жол бермеу үшін бірнеше жаңа құрал енгізіледі. Олардың қатарында ресми ескерту жасау, цифрлық отбасы картасы арқылы есепке алу, кәмелетке толмағандарға тәрбиелік қолдау көрсету және ықтимал құрбандармен байланысуға тыйым салу сияқты шаралар бар.
Заң жобасы сондай-ақ, жеке профилактикалық шаралар қолданылатын тұлғалардың тізімін кеңейтеді. Әсіресе, «қасақана құқық бұзушылар» санатындағы азаматтарға қатысты құқық бұзу ықтималдығы толық жойылғанға дейін қатаң шаралар қолданылатын болады. Бұл қадамдар қауіп-қатерге дер кезінде ден қойып, қылмыстың қайталануын болдырмауға бағытталған.
Соңғы жаңалықтар





