ТЖД Астанада үш баланың өмірін жалмаған өрт жайлы мәлімдеме жасады
Астана қаласының Төтенше жағдайлар департаменті түнде болған қайғылы өртке қатысты жаңа мәліметтерді жариялады, деп хабарлайды Politico.kz.
Құтқарушылардың айтуынша, оқиға болған тұрғын үй кешенінің ауласына кіру темір қақпамен жабылып, аула автокөліктермен толып тұрған. Бұл жағдай өрт сөндіру техникаларының қозғалысын қиындатқан. ТЖД өкілінің мәліметінше, өрт сөндірушілер оқиға орнына жеткен кезде пәтер толықтай жанып жатқан. Пәтер есігі жабық болғандықтан, құтқарушылар оны арнайы құралдардың көмегімен ашуға мәжбүр болған.
Мамандардың айтуынша, өрт дабылы жүйесі іске қосылып, лифтілер бірінші қабатқа автоматты түрде түскен. Соған қарамастан, ауладағы кедергілер өрт сөндіру жұмыстарына белгілі бір қиындық туғызған. Құтқарушылардың жедел әрекетінің арқасында тілсіз жаудың көрші пәтерлерге таралуына жол берілмеді.
Аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалып, өрттің шығу себептері мен барлық мән-жайларды анықтау үшін тиісті сараптамалар тағайындалды.
Соңғы жаңалықтар