Үкімет қайтарылған байлықты Шу халқының газына жұмсады
Жамбыл облысында мемлекетке қайтарылған активтер есебінен жаңа станса салынып, 84 мың тұрғын көгілдір отынмен қамтамасыз етіледі, деп хабарлайды Politico.kz.
Үкімет Арнаулы мемлекеттік қордан 2,9 млрд теңге бөліп, бұл қаражат «Шу» автоматтандырылған газ тарату стансасының құрылысын аяқтауға бағытталып отыр. Аталған жоба президенттің елді мекендерді газбен қамту деңгейін 80 пайызға жеткізу және жеделдету тапсырмасы аясында жүзеге асырылуда.
Осы уақытқа дейін Шу ауданына табиғи газ 100 шақырымнан астам қашықтықтағы «Қордай» стансасы арқылы жеткізіліп келген. Алайда ескі бекеттің қуаттылығы тұтыну көлемінің өсуіне есептелмегендіктен, тұрғындар қысқы жылыту маусымында үнемі көгілдір отын тапшылығын сезінетін. Жаңа нысан бұл инфрақұрылымдық шектеулерді толық жойып, тұрғын үйлерді, орталық қазандық пен кәсіпкерлік нысандарын газбен үздіксіз қамтамасыз етуге жол ашады.
Жалпы бұл бастама Шу және Мойынқұм аудандарының тұрғындарын тұрақты табиғи газбен қамтып қана қоймай, жаңа абоненттерге техникалық шарттар беруді қайта бастауға мүмкіндік береді. Қазіргі таңда құрылыс алаңында 29 қондырғы мен жабдықтар жиынтығы орнатылып, блокаралық коммуникацияларды жалғау жұмыстары қызу жүргізіліп жатыр.
Соңғы жаңалықтар