Үкімет ҚҚС мөлшерін 16%-ға дейін көтеруді ұсынды

Үкімет ҚҚС мөлшерін 16%-ға дейін көтеруді ұсынды
11.02.2025 09:17
0
941
primeminister.kz
Ауыл шаруашылығы өнімдері ҚҚС-тан босатылады – үкімет жаңа ұсыныстарын жариялады

Қазақстан үкіметі қосымша құн салығының (ҚҚС) базалық мөлшерін 12%-дан 16%-ға дейін арттыруды ұсынды, деп хабарлайды POLITICO.KZ.

Сонымен қатар, белгілі бір салалар үшін 10% және 0% мөлшерлемелері қарастырылады.

Ұлттық экономика вице-министрі Азамат Әмрин бұл ұсынысты Астанада өткен бизнес өкілдерімен кездесу кезінде жариялады. Оның айтуынша, ауыл шаруашылығы саласы ҚҚС-тан толық босатылады, ал кейбір салалар үшін 10% мөлшерлеме енгізілуі мүмкін. Алайда 10%-дық мөлшерлеме қандай секторларға қолданылатыны әлі нақтыланбаған.

Үкіметтің салық реформасы аясындағы бұл ұсынысы ел ішінде қызу талқылануда. Қазіргі таңда Қазақстандағы ҚҚС мөлшері 12% болып белгіленген, ал бұған дейін салықтың 20%-ға дейін көтерілуі мүмкін екені айтылған.

Сарапшылардың пікірінше, ҚҚС-ның өсуі негізінен қарапайым тұтынушыларға әсер етеді. Өйткені салықтың бұл түрі тауарлар мен қызметтердің соңғы бағасына қосылады. Әлеуметтік желіде де бұл бастамаға қатысты көптеген сын айтылуда.

28 қаңтарда үкіметтің кеңейтілген отырысында премьер-министр Олжас Бектенов пен ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин Қазақстанда кәсіпкерлерге салынатын қосымша құн салығының көтерілетінін растаған болатын.

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 7 ақпанда бизнес өкілдерімен кездесуде үкіметтің бұл ұсынысын тым жоғары деп бағалап, мәселені терең зерттеуді және нақты шешім қабылдауды тапсырды.

Қазіргі заңнамаға сәйкес, жылдық тауар айналымы 73,8 млн теңгеден асатын кәсіпкерлер ғана ҚҚС төлеуге міндетті. Бұған дейін үкімет салықтың бұл түрін жылдық айналымы 15 млн теңгеден асатын кәсіпкерлерге де енгізуді ұсынған болатын.

Қосымша құн салығы – мемлекеттік бюджет кірісінің маңызды көздерінің бірі. Ол Қазақстанда сатылатын барлық тауарлар мен қызметтерге қолданылады.

Қазіргі таңда үкімет бұл ұсынысты бизнес өкілдерімен талқылауды жалғастырып жатыр.

Ақпарат Азаттық Радиосы сайтынан алынған.

Пікірлер (0)
Здесь пока ничего нет
Пікір қалдырыңыз
Войдите, чтобы оставить комментарий