Үкімет сырттан көлік тасығанша өзіміздің автозауыттарды көбейтпекші

21.07.2026 13:46 Қарақат АСЫЛОВА
Үкімет сырттан көлік тасығанша өзіміздің автозауыттарды көбейтпекші
84
Фото: Politico.kz/Абзал Бахытжанов

Қазақстан үкіметінің басшысы Олжас Бектенов Қаржы министрлігі мен Өнеркәсіп және құрылыс министрлігіне елге көліктерді заңсыз әкелуге жол бермеу шараларын әзірлеу үшін 10 күн уақыт берді, деп хабарлайды Politico.kz POVestka телеграм-арнасына сілтеме жасап. Кедендік әкімшілендіру мен техникалық реттеудегі жаңа тәсілдер биылғы 1 қыркүйектен бастап толық жұмыс істей бастауы тиіс.

Үкімет басшысы қолданыстағы заң нормаларын түсіндіруде нақты ұстаным болуы керектігін ерекше атап өтті. Жалпы көлік әкелу ережелері мен кедендік баж мөлшері тек Қазақстан заңнамасымен ғана емес, Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік кодексімен, көлік қауіпсіздігі жөніндегі техникалық регламентпен және одақ комиссиясының шешімдерімен реттеледі. Мәселен, жеке тұлғаларға арналған баж мөлшерлемелері 2017 жылғы 20 желтоқсанда, ал жеке қолданысқа жататын көліктер тізбесі сол жылдың 30 маусымында бекітілген.

Бұл ретте жеке тұлғалар үшін бір жыл ішінде өзіне ғана арналған бір автокөлік әкелу ережесі қатаң сақталады. Егер азамат бұдан көп машина кіргізсе, бұл кәсіпкерлік қызмет саналады да, одан тиісті салықтар мен баж төлемдері өндіріледі. Жеке мақсаттағы көліктің кедендік бажы қозғалтқыш көлемі мен шығарылған жылына байланысты 48 пайыздан 54 пайызға дейін барады. Сонымен қатар әрбір көлік техникалық талаптарға сай келетінін растайтын конструкция қауіпсіздігі туралы куәлік арқылы міндетті түрде рәсімделуі шарт.

Заңды тұлғалар үшін мүлде басқа шарттар қарастырылған, яғни компаниялар автокөлік әкелген кезде 15 пайыз көлемінде кедендік баж және 16 пайыздық мөлшерлемемен қосылған құн салығын төлейді. Мамандардың айтуынша, ресми емес дилерлер елге кіргізетін машиналардың арасында өзге мемлекеттерде бұғатталған немесе іздеуде жүргендері де жиі кездеседі. Мұндай жағдайлар Қазақстанда қайта сату кезінде анықталып, соңында қарапайым тұтынушы зардап шегеді. Сондықтан жауапты ведомстволар көлеңкелі импортпен кешенді түрде күресіп, отандық автокөлік өндірісін барынша кеңейтуді жоспарлап отыр.

Войдите, чтобы оставить комментарий