Үкіметке дербестік берілді, енді нәтиже керек – Тоқаев
Үкіметтің кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев мекемелер арасындағы созбалаңға салынған келісу үдерістерін тоқтатуды тапсырды, деп хабарлайды Politico.kz.
Президент шетелге жасаған сапарлары мен инвесторлармен өткен кездесулер барысында қол жеткізілген келісімдердің орындалуына ерекше назар аудару қажет екенін айтты. Оның сөзінше, өткен жылы жасалған коммерциялық келісімдердің жалпы құны шамамен 75 миллиард долларды құраған.
«Жұмысты созбалаңға салу және қол қойылған келісімдерді орындамау деген мәселе болмауы тиіс. Бұл жұмысқа Президент Әкімшілігі де жауапты», – деді Мемлекет басшысы.
Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев жоғары деңгейдегі келіссөздерден кейін нақты әрекет болмай қалатын жағымсыз үрдіске тоқталды.
«Келіссөздер алдында белсенділік жоғары, ал кейін тым-тырыс. Мекемелер арасындағы бітпейтін өзара келісу әрекетін доғару керек. Үкіметке дербестік берілді, енді оны іс жүзінде дұрыс пайдалану қажет», – деді Президент.
Оның айтуынша, қол қойылған әрбір құжат алдын ала сапалы дайындалып, орындалу мерзімдері нақты белгіленуі тиіс. Ал нәтижеге бірінші басшылар жеке жауапты болады.
Сондай-ақ Мемлекет басшысы Қазақстанның инвесторлар алдындағы барлық міндеттемелерін толық орындауы қажет екенін атап өтті. Бұл елге деген сенім мен іскерлік беделді нығайтудың негізгі шарты екенін айтты. Үкіметке инвестициялық әлеуетті арттырып, елдің бәсекелік артықшылықтарын дамыту тапсырылды.
Соңғы жаңалықтар