Үкіметтің жаңа үшжылдық бағдарламасы қабылданды
Қазақстан Үкіметі, Ұлттық банк және Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі 2026-2028 жылдарға арналған макроэкономикалық тұрақтандыру және халықтың әл-ауқатын арттыру жөніндегі бірлескен іс-қимыл бағдарламасын бекітті. Премьер-министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен отырыста қабылданған құжат Президенттің экономикалық өсуді қамтамасыз ету, инфляцияны төмендету және азаматтардың табысын арттыру жөніндегі міндеттерін орындауға бағытталған, деп хабарлайды Politico.kz.
Олжас Бектенов бұл бағдарламаның алдағы үшжылдыққа арналған әлеуметтік-экономикалық дамудың негізгі міндеттерін шешуге бағытталғанын атап өтті.
Бағдарламаның түпкі мақсаты – экономиканың жыл сайынғы өсімін кемінде 5%-ға және халықтың нақты табысын орта есеппен 2-3%-ға арттыру. Сондай-ақ жаңа инвестициялық циклді іске қосу, бизнес жүргізудегі кедергілерді жою және мемлекеттің экономикадағы үлесін барынша азайту көзделген.
Премьер-министрдің орынбасары Серік Жұманғарин бағдарламаның негізгі бағыттарын баяндады. Олардың қатарында халықтың табысын қолдау, шикізаттық емес экспортты ынталандыру, экономиканы цифрландыру, Жасанды интеллектті дамыту және инфляцияны тежеу шаралары бар.
Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов баға тұрақтылығын қамтамасыз ету үшін монетарлық, микро- және макропруденциалды шаралар пакетін ұсынды.
Қаржы нарығын реттеу агенттігінің төрағасы Мәдина Әбілқасымова бизнеске несие беруді кеңейту, тұтынушылық несиелеудегі тәуекелдерді азайту және кәсіпкерлерді қолдау жөніндегі қадамдар туралы баяндады.
Олжас Бектенов бағдарламаның тиімділігі жауапты ведомстволардың үйлесімді жұмысына тікелей байланысты екенін ескертіп, бірқатар шұғыл тапсырмалар берді.
Ең өзекті мәселе – жанармай бағасының диспаритеті. Жанармай материалдарының бағасына енгізілген мораторийге байланысты, Қазақстан мен көрші елдер арасындағы айырмашылық күшейіп отыр. Осыған орай, Энергетика, Сауда, Қаржы, Ішкі істер министрліктері, ҚМА және ҰҚК Шекара қызметіне отын балансына қатаң бақылау орнату және мұнай өнімдерінің басқа елдерге заңсыз өтіп кетуіне жол бермеу мәселесін қатаң қадағалау тапсырылды.
Ұлттық экономика, Ауыл шаруашылығы және Сауда министрліктеріне инфляция деңгейін бақылауды және баға өсіміне сыртқы факторлардың әсерін барынша азайтуды күшейту жүктелді.
Импорттық тәуелділікті азайту: Ауыл шаруашылығы, Сауда және Өнеркәсіп министрліктеріне ішкі нарықты отандық өніммен қамтамасыз етуді арттыру және импортқа тәуелділігі жоғары өнімдер өндірісін ұлғайтуға басымдық беру тапсырылды.
Бағаны тұрақтандыру: Азық-түлік бағасын тұрақтандыру үшін тұрақтандыру қорлары, форвардтық шарттар және өнім бағасын арзандатуға берілетін субсидиялар белсенді пайдаланылмақ.
Делдалдық схемалар: Сауда министрлігіне өңір әкімдерімен бірлесіп, бағаны өсіретін делдалдық схемаларды анықтау жұмысын күшейту міндеттелді.
Олжас Бектенов сондай-ақ, шикізаттық емес өнімдерді экспорттаушыларды ынталандырудың кешенді шараларын әзірлеуді және «Бәйтерек» холдингі мен Kazakh Invest рөлін арттыру арқылы инвестициялық жобаларды жеделдетуді тапсырды.
Соңғы жаңалықтар