Украинада Назарбаевтың ескерткішін алып тастаудан бас тартты

18.04.2026 09:45 Арман Ермеков
Украинада Назарбаевтың ескерткішін алып тастаудан бас тартты
517
Фото: shukach.com

Украина билігі Днепропетровск облысындағы оқу орнында ілулі тұрған бұрынғы президент Нұрсұлтан Назарбаевтың барельефін бұзу туралы ұсынысты қолдамады, деп хабарлайды Politico.kz.

Журналист Григорий Пырликтің хабарлауынша, Украинаның ұлттық жад институты қазақстандық белсенді Тұрарбек Құсайыновтың өтінішіне осындай жауап қайтарған.

«Демос» қоғамдық ұйымының басшысы Тұрарбек Құсайынов бұған дейін Каменское қалалық кеңесіне ескерткішті алып тастауды ұсынып хат жолдаған. Ол өз сөзінде Назарбаевтың КСРО кезінде Коммунистік партияда басшылық қызметтер атқарғанын еске салды. Белсендінің пікірінше, Қазақстанның тұңғыш президенті елдің Ресейге тәуелділігін арттыруға ықпал еткен және қызметтен кеткеннен кейін де Украинаға қарсы соғыс ашқан Владимир Путинмен кездесіп тұрады.

Құсайыновтың хатын алған қалалық кеңес Назарбаевтың тұлғасына баға беру үшін Украинаның ұлттық жад институтына жүгінген. Осылайша 2026 жылдың 15 сәуірінде белсендіге қалалық кеңестен жауап хат келді. Оған аталған институт басшысы Александр Алферовтың жауабы да қоса тіркелген.

Институт басшысы Александр Алферов Нұрсұлтан Назарбаевтың Ресейдің империялық саясатын насихаттауға немесе іске асыруға қатысқаны туралы ақпарат жоқ екенін жазды. Украина заңы бойынша мұндай саясат украин халқын құлдыққа салуға және қанауға бағытталған шаралар жүйесі деп танылады. Одан бөлек Назарбаев Украинаның мемлекеттік марапаттарын алған. Ол 1997 жылы бірінші дәрежелі Князь Ярослав Мудрый орденімен және 2010 жылы Бостандық орденімен марапатталған.

"Қазақстан Республикасының бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың құрметіне орнатылған барельеф коммунистік тоталитарлық режим мен Ресейдің империялық саясатының символикасына тыйым салу туралы заңға қайшы келмейді, сондай ақ украин және қазақ халықтары арасындағы мәдени байланыстар мен жақсы ұлтаралық қатынастарды көрсетеді", – деді ұлттық жад институтының басшысы.

Алферовтың сөзінше, ескерткіш Назарбаевқа Қазақстан президенті және осы оқу орнының түлегі ретінде қойылған. Онда ешқандай тыйым салынған белгілер жоқ және тіл туралы заң талаптарына толық сай келеді.

Нұрсұлтан Назарбаев 1958 жылдан 1960 жылға дейін бұрынғы Днепродзержинск, қазіргі Каменское қаласындағы нөмірі 22 кәсіптік училищеде оқыған. Қазір бұл мекеме Каменское жоғары кәсіптік училищесі деп аталады. Оқу орнының ғимаратындағы Назарбаевтың барельефі 2005 жылы ашылған болатын.

Google News

Следите за нашими новостями в Google News

Подписаться
Войдите, чтобы оставить комментарий