Украинада соғысқан павлодарлық Ресей азаматтығын алды

20.11.2025 17:11 Арман Ермеков
Украинада соғысқан павлодарлық Ресей азаматтығын алды
0
844
Фото: rt.com

Павлодар облысының тумасы Ресей Қарулы күштері сапында майдан даласында болғаннан кейін көрші елдің азаматтығын алды, деп хабарлайды Politico.kz сайты RT.com басылымына сілтеме жасап.

36 жастағы Антон Сычев Ақсу қаласында туып-өскен. Ол Жаяу Мұса атындағы колледжде білім алып, кейін жергілікті ферроқорытпа зауытында еңбек еткен. Алайда 2023 жылдың жазында ер адам өмірін түбегейлі өзгертуге бел буып, Новосибирск қаласына қоныс аударады.

Көп ұзамай ол Ресей Қорғаныс министрлігімен келісімшартқа отырып, соғыс аймағына аттанған. Десанттық-шабуылдау ротасында пулеметші болған жерлесіміз «арнайы әскери операция» аумағында бір жылдан астам уақыт болыпты. Ол бұл қадамға ақша табу және Ресей төлқұжатын жылдам алу мақсатында барғанын жасырмады.

Ресей Ішкі істер министрлігінің ресми өкілі Ирина Волктың сөзінше, құжат рәсімдеу оңайға соқпаған. Сычевтің қолында әскери ведомствомен жасасқан келісімшарттың көшірмесі болмағандықтан, процесс біраз уақытқа созылып кеткен. Кейіннен журналистердің көмегімен қажетті қағаздар табылып, мәселе оң шешімін тапты.

Салтанатты жағдайда қызыл төлқұжатқа ие болған Антон ендігі қызметін Ресей полициясында жалғастыруды көздеп отыр. Ол қазірдің өзінде іріктеуден өтіп, тағылымдамаға дайындалу үстінде.

Бұрынғы отандасымыз енді соғыс ардагері куәлігін рәсімдеп, тиісті әлеуметтік төлемдер мен жеңілдіктерді алмақ. Ең бастысы, ол жақын күндері Қазақстанның көк паспортын тапсырып, ресми түрде еліміздің азаматтығынан бас тартатынын жеткізді.

Пікірлер (0)
Здесь пока ничего нет
Пікір қалдырыңыз
Войдите, чтобы оставить комментарий