Украинадағы соғыс аймағынан 13 қазақстандық елге қайтарылмақ
Украинадағы соғыс аймағынан 13 қазақстандықты елге қайтаруға дайындап жатыр. Олар әскери міндеттен босатылған. Қазір отандастарымыздың елге оралуына құқықтық кедергі жоқ. Бұл туралы заңгер Мейірман Шекеев хабарлады, деп жазады Politico.kz.
Құқық қорғаушы әлеуметтік желіде қазақстандықтардың отбасылары атынан жазылған үндеуді жариялады.
«Аллаға шүкір, сүйінші! СВО жағдайына тап болған қазақстандық азаматтардың алғашқы 13-і әскери міндеттен босатылды. Енді олардың елге оралуына еш құқықтық кедергі жоқ», делінген хабарламада.
Үндеуде ата-аналар мәселенің шешілуіне ықпал еткен Президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа, азаматтарды елге қайтаруға атсалысқан Сыртқы істер министрлігінің өкілдеріне және барлық құзырлы мемлекеттік органдарға алғыс білдірген.
Олар қиын сәтте қолдау көрсетіп, балаларының тағдырына бейжай қарамаған азаматтарға да ризашылығын жеткізді.
«Ең басты тілегіміз балаларымыздың елге аман-есен оралып, туған-туыстарымен қауышуы», деп жазылған үндеуде.
Мейірман Шекеевтің айтуынша, ендігі басты міндет жастардың елге қауіпсіз оралып, отбасыларымен қауышуын қамтамасыз ету.
Бұған дейін әлеуметтік желілерде Ресейге жұмыс істеуге барған қазақстандықтардың үндеулері тараған еді. Олардың айтуынша, уәде етілген жұмыстың орнына соғысқа жіберілу қаупі туған.
Соңғы видеолардың бірінде ер адам 10 күннен астам уақыт көмек күтіп отырғандарын айтқан. Оның сөзінше, қастарындағы кейбір адамдарды алып кеткен.
Кейін Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі отандастарымызды соғыс аймағынан қайтару жұмыстарын бастағанын хабарлады. Ведомство осы мәселе бойынша Ресей тарапымен консультациялар жүргізіп жатқанын мәлімдеді.
Соңғы жаңалықтар