Ұлдананың ісі бойынша сотта сарапшы шындықты айтты: үй қасбетінің құлау себебі белгілі болды

09.09.2026 12:49 Әсел МҰРАТ
Ұлдананың ісі бойынша сотта сарапшы шындықты айтты: үй қасбетінің құлау себебі белгілі болды
124
Фото: видеодан скрин

Астанада 2025 жылдың қарашасында қасбеті опырылып түскен тұрғын үй кешені бастапқыда бес қабатты ғимаратқа арналған стандарттар бойынша жобаланған. Ал іс жүзінде нысан тоғыз қабат етіп салынған. Бұл туралы құрылыс саласының маманы Вероника Лобаева сот отырысы барысында мәлімдеді, деп хабарлайды Politico.kz.

Маман тұрғын үйге қатысты құрылыс-техникалық сараптаманың қорытындысына рецензия жасаған. Оның айтуынша, көпқабатты кірпіш және тас сыртқы қабырғаларға арналған бөлшектердің типтік сериясы норматив бойынша нысанды тек бес қабатқа дейін тұрғызуға есептелген.

Алайда құрылыс барысында ғимараттың қабат саны тоғызға жеткізіліп, оған қоса техникалық қабат салынған.

Вероника Лобаева қасбеттің құлауына қабырғалардағы сызаттар тікелей себеп болмағанын атап өтті.

«Меніңше, мұндай ақаулар – бұл салдар. Олар бастапқы себеп емес. Жобадағы сәйкессіздіктер құрылыс кезіндегі орындаушылық ақаулармен күшейтілген уақытша әсер ететін мина секілді болды», – деді сарапшы сотта.

Оның сөзінше, конструкция қажетті армопояспен күшейтілмеген, анкерлеу болмаған. Бұдан бөлек, ерітіндінің сапасы төмен болып, кірпіш қалауда жіктердің толтырылмауы байқалған. Сондай-ақ құрылыс кезінде сынған кірпіштер де қолданылған.

«Осының барлығы кешенді түрде шешуші рөл атқарды. Бірақ негізгі себеп – жобалық сәйкессіздік», – деді Вероника Лобаева.

Маманның пікірінше, егер тұрғын үй типтік серия талаптарына сай бес қабатты етіп салынғанда, ғимарат мұндай жел және динамикалық жүктемелерге ұшырамас еді.

Алайда нысанның биіктігі қажетті есептік параметрлерсіз екі есеге жуық ұлғайтылған.

Осылайша, сарапшы қасбеттегі сызаттарды ғимараттың опырылуының бастапқы себебі емес, жобалық және құрылыс талаптарының сақталмауынан туындаған салдар ретінде бағалап отыр.

Войдите, чтобы оставить комментарий