ҰҚК Астананың көші-қон басшысын тергеп жатқанын растады
Астана қаласы көші-қон басқармасы бастығының орынбасары Әлия Мақаева тергеліп жатыр, деп хабарлайды Politico.kz.
Бұны Ұлттық қауіпсіздік комитеті (ҰҚК) растады.
«Сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүріп жатқанын хабарлаймыз. Өзге ақпарат Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабы 1-тармағына сәйкес жария етуге жатпайды», – делінген ҰҚК ресми жауабында.
Бұған дейін әлеуметтік желілерде полиция полковнигінің ұсталғаны туралы ақпарат тараған болатын. Ішкі істер министрлігінің өзіндік қауіпсіздік департаменті мен ҰҚК қызметкерлері жүргізген шара барысында күдіктіге қатысты тиісті тексерулер ұйымдастырылды.
Алдын ала мәліметтер бойынша, ол ұйымдасқан қылмыстық топ құрамына қатысы бар және заңсыз көші-қонды ұйымдастырды деген күдікке ілінген. Тергеу барысында бұл топтың шетел азаматтарына заңсыз түрде тұруға ықтиярхат рәсімдеумен айналысқаны анықталып отыр. Қазіргі уақытта құзырлы органдар бұл істің мән-жайын жан-жақты тексеріп жатыр.
Соңғы жаңалықтар