ҰҚК Нұрлан Серғалиевке қатысты тергеуді растады

29.07.2026 08:48 Абзал БАХЫТЖАНОВ
ҰҚК Нұрлан Серғалиевке қатысты тергеуді растады
151
Фото: әлеуметтік желіден

Ұлттық қауіпсіздік комитеті (ҰҚК) Махамбет Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан университетінің ректоры Нұрлан Серғалиевке қатысты тергеу жүріп жатқанын растады, деп хабарлайды Politico.kz.

ҰҚК ресми сауалға жауап бере отырып, қазіргі уақытта аталған іске қатысты тергеу жұмыстары жүргізіліп жатқанын жеткізді.

«Сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүріп жатқанын хабарлаймыз. Өзге ақпарат Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабы 1-тармағына сәйкес жария етуге жатпайды», – делінген ҰҚК ресми жауабында.

Айта кетейік, бұған дейін желіде жоғары оқу орны басшысының құрықталғаны туралы ақпарат тарағаннан кейін Ғылым және жоғары білім министрлігі бұл жағдайды ресми түрде растап, оның 2026 жылдың 21 шілдесінде ұсталғанын мәлімдеген еді.

«Тергеу және өзге де процестік әрекеттерді жүргізуге қатысты мәселелер құқық қорғау органдарының құзыретіне жатады. Университет қолданыстағы заңнама аясында уәкілетті мемлекеттік органдарға жәрдемдесуде. Ал министрдің 2026 жылғы 23 шілдедегі бұйрығымен басқарма төрағасы, яғни ректордың міндетін атқарушы болып академиялық мәселелер жөніндегі проректор Гүлжахан Қайсағалиева тағайындалды», – деді ведомство.

Еске салсақ, білім ордасы басшысының ұсталғаны туралы ақпаратты ең алғаш рет Батыс Қазақстан облыстық қоғамдық кеңесінің мүшесі әрі заңгер Бауыржан Ахметжан өзінің желідегі парақшасында жариялаған болатын. Оның пайымдауынша, Серғалиев лауазымдық міндетін асыра пайдаланғаны үшін тергелуде.

Войдите, чтобы оставить комментарий