ҰҚК офицері педофилді қорқытып, 39 млн теңге бопсалады деп айыпталуда

02.09.2026 11:49 Абзал БАХЫТЖАНОВ
ҰҚК офицері педофилді қорқытып, 39 млн теңге бопсалады деп айыпталуда
247
Фото: depositphotos.com

Ұлттық қауіпсіздік комитетінің әскери қарсы барлау қызметкері істі болды. Ол 15 жастағы қызбен жыныстық қатынасқа түскен ер адамнан 39 млн теңгеден астам дүние бопсалады деп айыпталып жатыр. Бұл оқиғаның мән-жайын Hronika.kz басылымы жариялады.

Айыптау актісіне сүйенсек, 27 жастағы аға лейтенант, кіші жедел уәкіл әскери антты қатаң сақтаудың орнына қылмыстық жолға түскен. Ол бұл әрекетті қыздың анасы және үлкен әпкесімен бірге жасаған. Олар полицияға хабарлаудың орнына, ер адамды қорқытып, одан мүлік талап еткен.

Қазір офицерге жеке өмірге қол сұғу, аса ірі мөлшерде бопсалау және ауыр қылмыс туралы хабарламау баптары бойынша айып тағылды.

Офицер жасөспірімнің ересек адаммен көңіл қосқанын танысынан естіген. Ол өзінің қызметтік жағдайын пайдаланып, құқық қорғау және арнайы органдардың ақпарат алмасу жүйесіне кірген. Сол арқылы жәбірленушінің атындағы пәтерді анықтап, жеке деректерін қыздың анасы мен әпкесіне берген.

Тергеу мәліметінде айтылғандай, күдіктілер жәбірленушіге «қорқыныш пен психологиялық қысым атмосферасын құрған». Олар ер адамға түрмедегі өмірді сипаттап, туыстарының алдында масқаралаймыз деп үркіткен. Үнсіздік сақтау үшін құны 34 млн теңгеден асатын пәтер мен 5 млн теңге қолма-қол ақша сұраған.

ҰҚК қызметкері қыздың серіктесімен жеке кездесіп, өзін оның ағасы әрі комитет өкілімін деп таныстырған. Ол қызметтік мәртебесін алға тартып, жәбірленуші туралы барлық құпия деректерді білетінін көрсеткен. Кейін ер адамның анасына қоңырау шалып, ұлының 14 жастағы қарындасын зорлағанын білетін-білмейтінін сұраған. Шошып кеткен әйел тұтқаны қоя салған.

Қыздың анасы да жәбірленушіге қысымды күшейтуді көздеген. Ол ер адамға кездесуді тікелей полиция бөлімінің ауласында белгілеген. Қатты қорыққан ер адам ақыры бопсалаушылардың талабына көніп, пәтердің құжаттары мен 5 млн теңгені беруге келіскен.

Бұл уақытта жәбірленуші полициядан көмек сұрап үлгерген еді. Қарсы барлаушы ақша мен құжаттарды алып жатқан жерінде құрықталды. Қазір қыздың анасы мен үлкен әпкесі де аса ірі мөлшерде бопсалау және ауыр қылмыс туралы хабарламау баптарымен айыпталып жатыр.

Кәмелетке толмаған қыздың интим серіктесі де жауапкершіліктен құтылмады. Полиция оған қатысты «Зорлау» бабы бойынша қылмыстық іс қозғады. Бұл істе полиция қызметкері де куәгер ретінде өтіп жатыр. Ол жасөспірімнің ересек адаммен қатынасы туралы қыздың анасынан естігенімен, тиісті органдарға хабарламаған.

Войдите, чтобы оставить комментарий