ҰҚК «Охотзоопромның» Батыс өңірлік филиалы басшысына қатысты тергеу жүріп жатқанын растады
Ұлттық қауіпсіздік комитеті (ҰҚК) «Охотзоопром» РМКК Батыс өңірлік филиалының басшысы Арман Кужахметовке қатысты сотқа дейінгі тергеу жүріп жатқанын хабарлады, – деп хабарлайды Politico.kz.
Комитет бұл мәліметті Politico.kz-тің ресми сауалына берген жауабында жеткізді.
Бұған дейін қоғам белсендісі, заңгер Бауыржан Заки филиал басшысының ұсталғанын мәлімдеген. Оның жазуынша, 1978 жылы туған Арман Кужахметовті 2026 жылғы 11 қыркүйекте ҰҚК-нің Батыс Қазақстан облысы бойынша департаментінің қызметкерлері ұстаған.
Заңгер Кужахметовтің кәсіпкерден Батыс Қазақстан облысында киік аулауға рұқсат беру үшін заңсыз ақшалай сыйақы талап еткенін жазған. Закидің мәлімдеуінше, филиал басшысы 5 млн теңге пара алу кезінде ұсталған.
ҰҚК жауабында тергеу жүріп жатқаны айтылғанымен, ұсталу жағдайы мен ақша сомасы туралы мәлімет берілмеген.
«Сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізіліп жатқанын хабарлаймыз. Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабының 1-тармағына сәйкес өзге ақпарат жария етуге жатпайды», – делінген бөлімше бастығы Олжас Бектенов қол қойған жауапта.
Арман Кужахметов филиалды 2020 жылдан бері басқарады. Мекеме Экология және табиғи ресурстар министрлігінің Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетіне қарайды.
Соңғы жаңалықтар