ҰҚК полиция мен ХҚКО қызметкерлерін ұстады
Алматыда заңсыз миграциямен айналысқан ірі қылмыстық топтың жолы кесілгені туралы ақпарат тарады, деп хабарлайды Politico.kz
Белгілі журналист Михаил Козачковтың мәліметінше, Ұлттық қауіпсіздік комитеті арнайы операция жүргізіп, полиция мен Халыққа қызмет көрсету орталығының бірнеше қызметкерін құрықтаған.
Журналистің дерегіне сүйенсек, ҰҚК-нің Алматы қаласы бойынша департаменті Әуезов аудандық полиция басқармасының көші-қон қызметі бөлімінің қызметкерлеріне, сондай-ақ Әуезов және Наурызбай аудандарындағы ХҚКО мамандарына қатысты сотқа дейінгі тергеп-тексеруді бастаған.
Тергеу материалдарына сәйкес, күдіктілерге Қылмыстық кодекстің 394-бабының 2-бөлігі (Заңсыз миграцияны ұйымдастыру) бойынша айып тағылуы мүмкін. Бұл қылмыстық схемаға тек мемлекеттік қызметкерлер ғана емес, Қазақстан және Өзбекстан азаматтары да тартылғаны айтылуда.
Бейресми дереккөздің хабарлауынша, биылғы жылдың 21 қаңтар күні ҰҚК тергеу басқармасына іс бойынша 10 адам жеткізілген. Олардың арасында погондылар мен ХҚКО менеджерлері бар делінеді.
Желіде қызу талқыға түскен бұл ақпараттың анық-қанығын білу және ресми түсініктеме алу мақсатында редакциямыз құзырлы органдарға арнайы сауал жолдады.
Қазіргі уақытта құқық қорғау органдарынан ресми ақпарат күтілуде.
Соңғы жаңалықтар