ҰҚК Қайнарбаев пен Бисекеновке қатысты тергеу жүріп жатқанын растады
Ұлттық қауіпсіздік комитеті (ҰҚК) Қарақия ауданының әкімі Жансейт Қайнарбаев пен Самбо федерациясының бірінші вице-президенті Манарбек Бисекеновке қатысты сотқа дейінгі тергеу жүріп жатқанын растады. Бұл туралы Politico.kz-тің ҰҚК-ге жолдаған сауалына берілген жауаптан белгілі болды.
«Сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізіліп жатқанын хабарлаймыз. Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабының 1-тармағына сәйкес өзге ақпарат жария етуге жатпайды», – делінген бөлімше бастығы Олжас Бектенов қол қойған жауапта.
Бұған дейін олардың мүддесін қорғайтын «Omirbolat, Suyundukov & Assauova» адвокаттар кеңсесінің серіктесі Айбек Сүйіндіков екі азаматты қамауда ұстауға санкция берілгенін хабарлаған еді. Алайда адвокат олардың қанша мерзімге қамауға алынғанын нақтыламаған.
Еске салайық, 25 қазанда Жаңаөзеннің бұрынғы әкімі Жансейт Қайнарбаев пен Манарбек Бисекеновтің ұсталғаны туралы ақпарат тараған болатын.
Алғашқы бейресми мәліметтерге сәйкес, қылмыстық іс «алдын ала сөз байласқан адамдар тобының адам ұрлауы» дерегі бойынша тергеліп жатыр. Дереккөз осы іске байланысты 8 адамның ұсталғанын хабарлаған.
Соңғы жаңалықтар