Уролог: Пластиктен су ішкен жігіттердің тестостероны төмендеп жатыр

25.08.2026 16:08 Томирис САҒЫНДЫҚ
Уролог: Пластиктен су ішкен жігіттердің тестостероны төмендеп жатыр
50
Фото: ЖИ көмегімен жасалды

Пластик өнімдерінің құрамындағы химиялық заттар ер адамдардың гормоналды жүйесі мен генетикалық денсаулығына кері әсерін тигізіп жатыр. Маман Ернұр Айнаевтың айтуынша, бұл факторлар еркектердің мінез-құлқы мен әлеуметтік белсенділігінің, тіпті психологиялық сенімділігінің төмендеуіне себеп болуда. Аталған генетикалық орталықтар мен гормоналды өзгерістердің механизмдері туралы уролог-андролог Ернұр Айнаев толығырақ түсіндіріп берді, деп хабарлайды Politico.kz.

Бұл туралы уролог журналист Жанар Байсемізге берген сұқбатында айтты.

«Адам ағзасында қалыпты жағдайда 46 (XY) хромосома болуы керек болса, кейбір ауытқуларда 47 (XXY) хромосома кездеседі. Клеткалардың бөліну процесінде ақау болып, хромосомалар бір тарапта артық, ал екінші тарапта кем болып бөлінеді. Мұндай бұзылыстарға пластик өнімдері тікелей кері әсерін тигізеді. Мысалы, күнделікті тұрмыста пластик шөлмектен су ішкенде ағзаға бисфенол А заты бөлінеді. Бұл зат ерлер ағзасындағы тестостерон деңгейін төмендетіп, әйел гормондарын көтереді. Ер адамда әйел гормоны көбейсе, қызтеке болады, оның мінез-құлқы өзгеріп, жыныстық белсенділігі төмендейді. Тіпті мұндай азаматтарда өзіне деген сенімділік жоғалып, бизнес бастауға немесе отбасын құруға батылы бармайды. Бұл жағдайда жауапкершілікті өз мойнына алу қабілеті төмендейді. Олар: «Әйел алсам, оны асырай алам ба? Балалы болсам, оны баға алам ба? Бизнес ашсам, дөңгелетіп кете алам ба?» — деген сенімсіздік пен күмәнға бой алдырады. Мұның басты себебі — тестостерон гормонының төмендігінде», — деді Ернұр Айнаев.

Андрологтың айтуынша, гормон деңгейінің төмендігі ер адамдардың кәсіби шешім қабылдауына да, тәуекел ету қабілетіне де тікелей әсер етеді.

«Оларда өзіне деген сенімділік болмағандықтан, жеке кәсіп бастаудан қорқады. Тіпті істі бастамай жатып, «банкрот боламын» деген үреймен шегінеді. Сондықтан олар бастық бола алмайды, тек тұрақты айлыққа жұмыс істегенді жөн көреді. «Жеке шығып, бірнәрсе ашайын» деген ой да болмайды. Жеке отау тігіп, тәуекелге баратын азаматтардың бойында, әдетте, тестостерон деңгейі жоғары болады. Өйткені дәл осы гормон адамды батыл қадамдар жасауға әрі тәуекел етуге итермелейді», — деді уролог.

Войдите, чтобы оставить комментарий