Үй кезегінде тұрған азаматтарға пәтер неге берілмей жатыр

15.12.2025 15:32 Арман Ермеков Арман Ермеков
Үй кезегінде тұрған азаматтарға пәтер неге берілмей жатыр
0
153
Фото: pexels.com/AS Photography

Үй кезегін күтіп жүрген мыңдаған қазақстандық жақында жүргізілген тексерістен кейін жағымсыз жаңалыққа тап болды. Мемлекеттік бағдарламамен баспаналы болудан үмітті жандардың бірқатарына пәтер беруден бас тартылған. Мұның басты себебі – атындағы болмашы мүлік үлесі, деп жазады Politico.kz.

Бұл жағдайға қатысты Krisha.kz тілшілері Отбасы банкіне сауал жолдап, мән-жайды анықтап көрді. Айта кетейік, 24 мамырдан бастап кезекте тұрғандарды есепке алу және баспана бөлу құқығы осы банкке өткен болатын.

Тексеріс барысында көптеген үміткерлердің немесе олардың отбасы мүшелерінің атында жылжымайтын мүліктің белгілі бір үлесі (1/3, 1/4 және т.б.) бар екені анықталған. Заңның аты – заң. Банк өкілдері халықтың өкпе-ренішін түсінетіндерін, бірақ қолданыстағы ережеден аттап өте алмайтындарын жеткізді.

«Баспананы бөлу кезінде біз заңнама шеңберінде ғана әрекет етеміз. «Тұрғын үй қатынастары туралы» заңға сәйкес, жалдамалы немесе несиелік үй соңғы бес жылда атында ешқандай меншік болмаған азаматтарға ғана тиесілі. Өкінішке қарай, тексеріс кезінде кезекте тұрған адамның пәтерде немесе үйде кішкентай болса да үлесі бар екені жиі шығып жатыр», – деп түсіндірді банк мамандары.

Дегенмен, бұл жағдай үмітті біржола үзу керек дегенді білдірмейді. Банк өкілдері маңызды бір тұсты атап өтті: үлесі бар азаматтар кезектен мүлдем шығарылмайды. Олар тек пәтер бөлу процесіне қатысудан уақытша шеттетіледі. Бұл – түйткіл шешілгенше қабылданған уақытша шара.

Қазіргі таңда Отбасы банк бұл мәселені назарға алып, Өнеркәсіп және құрылыс министрлігіне арнайы хат жолдаған. Қос тарап бірлесіп, баспанаға шынайы мұқтаж жандарға әділетсіздік болмауы үшін ортақ шешім іздестіріп жатыр. Мақсат – құжат жүзінде үлесі бар, бірақ іс жүзінде баспанасыз жүрген азаматтардың мүддесін қорғайтын әділ жол табу.

Google News

Следите за нашими новостями в Google News

Подписаться
Пікірлер (0)
Здесь пока ничего нет
Пікір қалдырыңыз
Войдите, чтобы оставить комментарий