Ұзынағашта балаларға Құран үйретіп жасырын діни сабақ өткізген азамат жаупқа тартылды
Алматы облысы Жамбыл ауданында кәмелетке толмағандарға рұқсатсыз діни білім беріп келген азамат әкімшілік жауапқа тартылды, деп хабарлайды Politico.kz.
Облыстық дін істері басқармасы таратқан дерек бойынша, 21 қазан күні түскен жедел мәліметке сәйкес Ұзынағаш ауылында арнайы тексеру ұйымдастырылған. Бірлескен рейдке ювеналды полиция, жергілікті полиция қызметі, прокуратура, дін істері басқармасы, сондай-ақ ішкі саясат және білім беру бөлімдерінің мамандары қатысты.
Тексеріс кезінде теріс діни ағым өкілі саналатын А. есімді тұрғынның өзіне тиесілі жеке нысанда кәмелетке толмаған балаларға заңсыз түрде араб тілі мен Құран үйретіп келгені анықталды. Оқиға орнына мектеп әкімшілігі мен білім бөлімінің жедел араласуымен оқушылардың ата-аналары шақыртылды.
Тексеру нәтижесінде заңсыз діни сабақ өткізген азаматқа ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 490-бабы 1-бөлігі 1-тармағы («Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы заңнаманы бұзу») бойынша хаттама толтырылып, жауапқа тартылды.
Сондай-ақ бала тәрбиесіне салғырт қараған ата-аналар да назардан тыс қалмады. Оларға ӘҚБтК-нің 127-бабы («Кәмелетке толмаған адамды тәрбиелеу жөнiндегi мiндеттердi орындамау») бойынша ресми ескерту жасалды.
Құзырлы органдар балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және заңсыз діни насихаттың жолын кесу бағытындағы осындай шаралардың тұрақты жалғасатынын ескертті.
Соңғы жаңалықтар