Вице-президент партияға мүше бола алмайды: "Жаңа" лауазымның міндеттері белгілі болды

26.01.2026 17:36 Арман Ермеков Арман Ермеков
Вице-президент партияға мүше бола алмайды:
278
Фото: reuters.com

Конституциялық реформалар жөніндегі комиссияның екінші отырысында жаңа мемлекеттік қызметтің құзыреттері талқыланды, деп хабарлайды Politico.kz

Әділет министрі Ерлан Сәрсембаев вице-президентке жүктелетін міндеттер мен оған қойылатын шектеулерді таныстырды. Оның мәлімдеуінше: бұл лауазым иесі өкілді органның депутаты болуға, өзге де ақылы қызметтерді атқаруға, кәсіпкерлікпен айналысуға және саяси партияларға мүше болуға құқылы емес. Вице-президент үшін белгіленген бұл тыйымдар елдің Ата заңында көрсетілген талаптармен үндеседі. Мұндай талаптар аталған лауазымның саясиландырылмаған және кәсіби сипатта болуына ықпал етеді, деп түсіндірді министр.

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес: вице-президент елдің сыртқы өкілдігін қамтамасыз етуге, негізгі мемлекеттік институттармен өзара іс-қимыл жасауға міндеттеледі. Сонымен қатар ол азаматтық қоғаммен, ғылыми, мәдени және сараптамалық қауымдастықтармен диалогты дамыту бағытында жұмыс істейді. Аталған өкілеттіктер негізгі сипатқа ие және қажет болған жағдайда Президент тарапынан нақтылануы мүмкін.

Билік сабақтастығы мәселесіне тоқталған ведомство басшысы: егер вице-президент мемлекет басшысының өкілеттіктерін өзіне қабылдай алмаса, онда бұл міндет Құрылтай төрағасына жүктелетінін айтты. Ал соңғысының да мүмкіндігі болмаған жағдайда билік тізгіні Премьер-Министрге өтеді. Президенттік өкілеттіктерді қабылдаған тұлға сәйкесінше вице-президент, Құрылтай төрағасы немесе Үкімет басшысы лауазымдарынан босатылады. Бос қалған мемлекеттік орындар Конституцияда көзделген тәртіппен алмастырылады. Қоғам үшін бұл сыртқы немесе ішкі жағдайларға қарамастан тұрақтылықты және мемлекеттің заңды әрі жүйелі түрде әрекет ететіндігіне толық сенімділікті білдіреді, деп атап өтті Ерлан Сәрсембаев.

Комиссия отырысында бұдан бөлек бірнеше маңызды бастамалар көтерілді. Сарапшылар Бас прокурордың өкілеттік мерзімін бес жылмен шектеуді және президент сайлауы өтетін күнді өзгерту туралы ұсыныстарды ортаға салды. Сондай-ақ сыбайлас жемқорлыққа қатысы бар тұлғалардың сайлану құқығына шектеу қою мәселесі де қызу талқыға түсті.

Google News

Следите за нашими новостями в Google News

Подписаться
Войдите, чтобы оставить комментарий