«WhatsApp-тағы уәде енді заңды құжат»: Енді мессенджердегі хат алмасу келісімшартпен теңестіріледі

08.12.2025 19:06 Арман Ермеков
«WhatsApp-тағы уәде енді заңды құжат»: Енді мессенджердегі хат алмасу келісімшартпен теңестіріледі
0
333

Тұтынушылардың құқығын қорғау туралы заң жобасына маңызды өзгеріс енгізілді. Бұдан былай тауарды сатып алу немесе қызмет көрсету жайлы кез келген хат-хабар ресми келісімшарттың бір бөлігі болып саналады. Бұл туралы Мәжіліс депутаты Мұрат Әбенов Instagram желісіндегі тікелей эфирде мәлімдеді деп хабарлайды Politico.kz.

Халық қалаулысының сөзінше, жаңа нормаға сәйкес, жазбаша диалог қана емес, видеожазба мен жарнамадағы айтылған сөздер де заңды күшке ие болмақ. Бұл өзгеріс қарапайым халықты штаттық заңгерлері бар, қуатты компаниялардан қорғау мақсатында жасалып отыр.

«Біз келісімшарттың жаңа нысанын енгізіп жатырмыз. Бұдан былай сіздің кез келген әңгімеңіз, видеожазбаңыз, WhatsApp-тағы хат алмасуыңыз немесе сатушының жарнамасы – келісімшарттың құрамдас бөлігі болып есептеледі. Мысалы, егер біз сенімен хат алмасып, мен Kaspi арқылы ақша аударсам, ал сен маған үш жылдық кепілдік беремін деп уәде етсең, міне, осының бәрі – ресми келісімшарт. Егер ол уәдесін орындамаса, "келісімшарт болған жоқ" деп бас тарта алмайды. Себебі біздің барлық хат алмасуымыз шарт болып саналады. Бұл әдіс – қарапайым адамды қорғау үшін қажет, өйткені компанияларда мықты заңгерлер бар, ал тұтынушы әлсіз», – деп түсіндірді депутат.

Егер кәсіпкер сөзінде тұрмаса, тұтынушы ақшасын қайтарып қана қоймай, айыппұл өндіріп алуға да хақылы. Жаңа құжатта сатушыға салынатын айыппұл (неустойка) ұғымы енгізілген. Яғни, енді ешкім «қол қойылған мөрлі қағаз жоқ» деген сылтаумен жауапкершіліктен жылыстап кете алмайды.

Мәжілісменнің айтуынша, заңдағы тағы бір маңызды жаңалық – сотқа жүгіну тәртібінің жеңілдеуі. Бұрынғыдай алдымен бизнесменге барып, мәселені шешуді сұрап әуре болудың қажеті жоқ. Тұтынушы тікелей сотқа шағымдана алады.

Әбенов кейбір судьялардың мұндай істерді қарауға құлықсыздық танытып, тараптарды өзара келісуге жіберіп жататынын жасырмады. Алайда, заң бойынша олар арызды қабылдауға міндетті. Егер Фемида өкілдері тұтынушының құқығы бұзылғанын растаса, кәсіпкер шығынды өтеп қана қоймай, тұрақсыздық айыбын да төлейтін болады. Бұл бизнес өкілдерін уәдеге берік болуға тәрбиелейтін қадам болмақ.

Пікірлер (0)
Здесь пока ничего нет
Пікір қалдырыңыз
Войдите, чтобы оставить комментарий