«Яндекс» істен шықты, қазақстандықтардың жеке деректеріне қауіп төнді ме: министрлік мәлімдеме жасады

12.10.2026 • 09:24 Әсел МҰРАТ
«Яндекс» істен шықты, қазақстандықтардың жеке деректеріне қауіп төнді ме: министрлік мәлімдеме жасады
198
Фото: Pexels.com

Қазақстанның Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі «Яндекс» сервистерінің жұмысындағы ақауларға байланысты түсініктеме берді. Ведомство өкілдерінің мәлімдеуінше, қазақстандықтардың жеке деректерінің қауіпсіздігіне алаңдауға әзірге негіз жоқ, деп хабарлайды Politico.kz.

Министрліктің хабарлауынша, Қазақстан азаматтарының дербес деректерін сақтайтын серверлер ел аумағында орналасқан және қалыпты жұмыс істеп тұр.

«Яндекс» сервистеріндегі ақаулар азаматтар күнделікті қолданатын цифрлық платформалардың тұрақтылығы мен сенімділігіне қатысты сұрақтар туындатты. Дегенмен деректер сақталатын серверлердің Қазақстанда орналасуы сервистердің барлық инфрақұрылымы ел ішінде жұмыс істейді дегенді білдірмейді. Такси мен жеткізу қызметтерінің жұмысына қажетті кейбір компоненттер шетелде орналасқан», – деп түсіндірді министрлік.

Ведомство деректерді ел аумағында сақтау мен цифрлық сервистердің үздіксіз жұмысын қамтамасыз ету екі түрлі міндет екенін атап өтті. Екі бағыт та кешенді шешімдерді қажет етеді.

Қазір «Яндекс» мамандары сервистердің жұмысын қалпына келтірумен айналысып жатыр. Министрлік компаниямен және Қазақстанның инфрақұрылымдық ұйымдарымен бірлесіп, қажетті қолдау көрсетуде.

Сонымен қатар жүктеме күрт артқан жағдайда қызметтердің тұрақты жұмысын қамтамасыз ету үшін өзге такси және жеткізу платформаларымен де жұмыс жүргізіліп жатыр.

«Яндекс» сервистерінде не болды?

8 қазанға қараған түні Ресейдің Рязань облысындағы Сасово қаласында орналасқан «Яндекс» компаниясының дата-орталығына дрондар шабуыл жасағаны хабарланды. Соққыдан кейін нысанда өрт шығып, инфрақұрылымның бір бөлігі зақымданған. Осыған байланысты дата-орталықтың жұмысын толық тоқтатуға тура келген.

Компания шабуыл болғанын растағанымен, зардап шеккендер жоқ екенін мәлімдеді. Қазір оқиға орнында тиісті қызметтер жұмыс істеп, мамандар зақымданған жүйелерді қалпына келтіріп жатыр.

Компанияның мәліметінше, «Яндекстің» негізгі қызметтері әдеттегі режимде жұмысын жалғастырған. Алайда пайдаланушылар «Яндекс.Диск», «Яндекс.Документы» сервистеріне, кейбір сайттар мен мобильді қосымшаларға қатысты ақауларға шағымданған.

Бізді Google-дың негізгі дереккөздер тізіміне қосыңыз
Қосу
Войдите, чтобы оставить комментарий