Заңгер Айгүл Орынбек: Нұрай ісінде «еркінен тыс некеге тұру» бабының құрамы жоқ
Қоғамда кең талқыланып жатқан Нұрай ісіне қатысты заңгер Айгүл Орынбек пікір білдірді. Оның айтуынша, аталған оқиғаға баға беру кезінде эмоцияға емес, Қылмыстық кодекстің нақты нормаларына сүйену қажет, деп хабарлайды Politico.kz.
Айгүл Орынбектің сөзінше, бұл істі Нұрайды алып қашу жағдайымен байланыстыру құқықтық тұрғыдан негізсіз. Ол Нұрайдың 21 жастағы ересек адам екенін, шамамен үш ай бойы жігітпен қарым-қатынаста болғанын және Шерханның үйіне өз еркімен барғанын атап өтті.
«Полиция қызметкерлерінің түсіндірмелерін тыңдап, ұсынылған бейнематериалдардың барлығын көрдім. Қоғамдағы резонансқа қарамастан, бұл жағдайда Қылмыстық кодекстің 125-1-бабы бойынша қылмыс құрамы жоқ», — деді заңгер.
Сондай-ақ Айгүл Орынбек істі қоғам дүрлігіп жатыр деген себеппен «еркінен тыс некеге тұру» бабы бойынша заңсыз тіркеу құқық қорғау емес, керісінше құқықты аяққа таптау екенін мәлімдеді.
«Заңды лайк пен қаралым үшін емес, нормаға сай қолдану керек. Қандай жағдай болмасын, заңдылық бәрінен жоғары тұруы тиіс», — деп түйіндеді ол.
Сонымен бірге заңгер адам өлтіруге қатысты қылмысты ешкім ақтап отырған жоқ екенін атап өтіп, кінәлі тұлға заң аясында қатаң жаза алуы қажет екенін жеткізді. Оның айтуынша, істі әдейі резонансқа айналдырып, басқа арнаға бұрмалаудың қажеті жоқ.
Соңғы жаңалықтар