Заңсыз көлік әкелуге тосқауыл қойылады: Бектенов министрліктерге 10 күн уақыт берді

21.07.2026 13:14 Әсел МҰРАТ
Заңсыз көлік әкелуге тосқауыл қойылады: Бектенов министрліктерге 10 күн уақыт берді
87
Фото: Үкімет

Премьер-министр көлік құралдарын заңсыз әкелудің алдын алу шаралары жөнінде тапсырма берді, деп хабарлайды Politico.kz.

Олжас Бектенов Мемлекет басшысының заңсыз сауда айналымына қарсы іс-қимыл, кедендік әкімшілендіру мен техникалық реттеу жүйесін жетілдіру жөніндегі тапсырмаларын  жүзеге асыру шеңберінде Қаржы министрлігіне Өнеркәсіп және құрылыс министрлігімен бірлесіп, он күн мерзімде Қазақстанға автокөліктерді заңсыз әкелудің алдын алу бойынша шаралар кешенін әзірлеуді тапсырды.

«Қолда бар деректерге сәйкес еліміздің аумағына көлік құралдарын заңсыз әкелу фактілері әлі де тіркелуде. Мұндай көліктердің басым бөлігі техникалық және экологиялық талаптарға сай келмейді. Бұл, соның ішінде кедендік заңнама нормаларын құқықтық қолдану тәжірибесіндегі олқылықтарға да байланысты. Қаржы министрлігі Өнеркәсіп министрлігімен бірге он күн ішінде автокөліктердің ел аумағына заңсыз әкелінуіне жол бермеу жөнінде шаралар  кешенін әзірлесін», — деп атап өтті Олжас Бектенов.

Оның айтуынша, қолданыстағы заңнамалық нормаларды түсіндіру барысында нақты әрі айқын ұстаным болуы тиіс. Кедендік әкімшілендіру мен техникалық реттеу саласындағы тиісті тәсілдер осы жылдың 1 қыркүйегінен бастап қолданысқа енгізілуі тиіс. Қабылданып жатқан барлық шаралар бойынша халық арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізу қажет.
 

Войдите, чтобы оставить комментарий