Зеленский мінген ұшақ дронмен соқтығыса жаздады

10.09.2026 11:38 Абзал БАХЫТЖАНОВ
Зеленский мінген ұшақ дронмен соқтығыса жаздады
338
Фото: nv.ua

Украина президенті Владимир Зеленскийдің Молдовадан Норвегияға бағыт алған ұшағы дронмен соқтығыса жаздады, деп хабарлайды Politico.kz DW басылымына сілтемемен.

Бұл туралы Норвегия премьер-министрі Йонас Гар Стёре 9 қыркүйек, сәрсенбі күні NRK телерадиокомпаниясының эфирінде мәлімдеді.

«Оның ұшағы Молдовадан ұшып бара жатқанда дронмен соқтығысып қала жаздады. Бұл оның өмір сүріп жатқан шындығы», – деді Йонас Гар Стёре.

Норвегиялық саясаткер бұл деректі қайдан алғанын нақтылаған жоқ. Сондай-ақ оның мәлімдемесінен бұл жағдайдың кездейсоқтық немесе Зеленскийге қарсы қасақана қастандық әрекеті екені белгісіз қалды.

Кейінірек үкімет басшысының кеңсесі премьердің сөзіне қатысты қосымша түсініктеме таратты.

«Кеше Молдованың әуе кеңістігінде дрон қаупі туындап, Зеленскийдің Ослоға бет алған ұшағы кешіктірілді. Бұл – оның күн сайынғы өмірінде кездесетін қатер. Дрондардың оның ұшағына қаншалықты жақын болғаны белгісіз», – деді Норвегия премьер-министрінің кеңсесі.

Украинаның жоғары лауазымды шенеунігі DW басылымына оқиғаның мән-жайын жеткізді. Оның сөзінше, президент ұшағы Кишинев әуежайынан ұшуды күтіп тұрғанда Молдова кеңістігіне ресейлік реактивті дрон кірген. Соның салдарынан Владимир Зеленскийдің сапары кейінге шегеріліп, өзге де барлық рейстер уақытша тоқтатылды. Украина президентінің кеңсесі болған жайтқа байланысты әзірге ешқандай ресми пікір білдірген жоқ.

Владимир Зеленский 8 қыркүйек күні кешке V Харальд патшаны ақтық сапарға шығарып салу рәсіміне қатысу үшін Ослоға келген еді. Қаралы жиыннан кейін ол Йонас Гар Стёремен жүздесті. Алайда Норвегия үкіметінің келіссөздер туралы ресми хабарламасында дрон оқиғасы мүлдем аталмаған.

Молдова полициясы 9 қыркүйекте қозғалтқыш қондырғысы бар құлаған дронның табылғанын мәлімдеді. Құрылғы жерге соғылған кезде жарылыс болып, үлкен шұңқыр пайда болған. Аппараттың ішінде металл шарлар түріндегі жарықшақты бөлшектер болғаны анықталды. Зардап шеккендер туралы дерек жоқ.

Жергілікті облыстық әскери әкімшіліктің хабарлауынша, 9 қыркүйекке қараған түні ресейлік ұшқышсыз аппараттар Одесса облысындағы «Староказачье» өткізу бекетіне шабуыл жасаған. Бұл халықаралық автомобиль өткелі Молдова шекарасында орналасқан. NRK таратқан ақпаратқа сәйкес, Зеленский ұшып шыққан Кишинев әуежайы осы шекара бекетінен көлікпен шамамен 2 сағаттық жерде жатыр.

Войдите, чтобы оставить комментарий