Зеленский Путинге ашық хат жазды

05.06.2026 09:08 Әсел МҰРАТ
Зеленский Путинге ашық хат жазды
476
Фото: ашық дереккөз

Украина Президенті Владимир Зеленский Ресей басшысы Владимир Путинге жолдаған ашық хатында соғысты тоқтатуға шақырды, деп хабарлайды Politico.kz. 

Зеленский келіссөзге Еуропа мен АҚШ қатысуы қажет деп санайды. Сондай-ақ ол АҚШ атысты тоқтату режимінің сақталуын бақылауға қатыса алатынын айтты

Хатында Зеленский Путинге жеке кездесу өткізіп, соғысты тоқтатуға бағытталған келіссөздер үшін нақты күн белгілеуді ұсынған. Оның айтуынша, қазіргі таңда АҚШ негізгі назарын Ирандағы жағдайға аударып отыр. Сондықтан «оларды күтіп отыру дұрыс емес», ал соғысты екіжақты форматтағы диалог арқылы аяқтау қажет.

«Таңдау қазір өз қолыңызда. Соғысты тоқтататын уақыт келді. Украина бұл қақтығысты аяқтауды ұсынады. Оны әділ әрі лайықты түрде аяқтап, болашақта қақтығыс қайта өршімеу үшін сенімді кепілдіктер берілуі қажет», – деп жазды Зеленский.

Ол сондай-ақ қазіргі майдан шебі дипломатиялық үдерістің басталу нүктесіне айналуы тиіс екенін атап өтті. Зеленскийдің сөзінше, Украина келіссөздер жүргізіліп жатқан кезеңде атысты уақытша тоқтатуға дайын.

«Соғыс пен бейбітшілік мәселелерін шешу үшін мемлекет басшыларын қабылдаудың қалыптасқан тәжірибесі бар елдер жеткілікті. Швейцария, Түркия, араб мемлекеттері – олардың көпшілігі мұндай кездесуді өткізуге дайын әрі мүдделі», – деді Украина президенті.

Зеленскийдің пікірінше, әскери тұтқындарды «барлығын – барлығына» қағидаты бойынша алмастыру «соғысты тоқтатудың  бастамасы» бола алады.

Сонымен бірге ол өзі мен Путин арасындағы екіжақты диалогқа өзге де тараптардың қосылуы мүмкін екенін айтты.

«Соғыс Еуропа аумағында жалғасып жатқандықтан, Украинаға қауіпсіздік кепілдіктері қажет. Ресей де өз қауіпсіздігіне қатысты кепілдіктер алуға мүдделі. Сондықтан мұндай келіссөздерге шынайы кепілгер бола алатын тараптардың қатысуы орынды», – деді Зеленский.

Украина Сыртқы істер министрі Андрей Сибиганың хабарлауынша, Зеленскийдің Ресей президентіне жолдаған ашық хаты дипломатиялық арналар арқылы ресейлік тарапқа жеткізіледі.

Өз кезегінде Мәскеу аталған хатты алғанын растады.
 

Войдите, чтобы оставить комментарий