Зеленский Путиннің соғыс ережелерін сақтамауға бұйрық бергенін мәлімдеді
Ресейдің азаматтық нысандарға соққыны күрт көбейтуін Украина президенті Зеленский Владимир Путиннің бұйрығымен байланыстырды. Оның айтуынша, Ресей басшысы әскер басшыларына соғыс жүргізу ережелерін сақтамауды тапсырған, деп хабарлайды Politico.kz Financial Times (FT) басылымына сілтеме жасап.
Зеленский бұл туралы ресейлік реактивті дрон соққы жасаған Киев мектебінің ішіндегі бомбадан қорғайтын панаханада FT тілшісіне сұхбат бергенде айтты.
FT тілшісіне сұхбат беру / Фото: ft.com
Ол Украина арнайы қызметтері бұған дейінгі әуе шабуылдарына қойылған шектеулердің алынып тасталғаны туралы ақпарат алғанын мәлімдеді.
«Ол енді ешқандай ереже жоқ екенін айтты», деді Зеленский Кремль өкілдерінің ұсталған хабарламалары мен барлау мәліметтеріне сүйеніп.
Украина президентінің сөзінше, Путин бұл бұйрықты қыркүйекте, Ресей Киевке әуе шабуылдарын күшейте бастаған кезде берген.
Зеленский бүлінген мектепті азаматтық нысандарға әдейі жасалатын соққылардың қаншалықты жиілегенінің мысалы ретінде атады. Мектеп директоры Валентина Чорна FT тілшісіне шабуыл кезінде 104 оқушы мен 60 мұғалім аман қалғанын айтты. Олар дрон ғимаратқа соғылғанға дейін жерасты панаханасына түсіп үлгерген. Соққы жергілікті уақытпен таңғы тоғыздан кейін болған.
Бейсенбі күні мектепке шабуыл жасалған шамалас уақытта екі ресейлік дрон Киевтің негізгі көпірлерінің біріне соғылып, жарылған. Жергілікті биліктің мәліметінше, сол күні кешке үшінші дрон да көпірге тиіп, өрт шыққан. Көпірдің тіреу бағаны, жол жабыны мен қоршауы зақымданған.
Зеленский мұндай шабуылдардың мақсаты инфрақұрылымды қиратумен шектелмейді деп есептейді. Оның айтуынша, үздіксіз соққылар арқылы адамдарға қысым жасалып, үрей ұялату көзделген.
FT тілшілері мектепке соғылған дронның сынықтарын қарап шыққан. Оларда ресейлік өндірушілердің таңбалары мен орыс тілінде қолмен жазылған жазулар болған. Кейбір бөлшектердің белгілері олардың Ресейде 28 шілдеде жасалғанын көрсетсе, басқалары Батыста өндірілгенін аңғартқан.
Украина президентінің айтуынша, соңғы тәулікте Ресей шамамен 500 дрон ұшырған, олардың жартысына жуығы реактивті қозғалтқышпен жабдықталған. Мұндай аппараттарды атып түсіру қиынырақ.
Зеленский Украина реактивті дрондардың шамамен 57 пайызын, ал кәдімгі дрондардың 85–90 пайызын жоятынын айтты.
Осы қауіпке қарсы Украина жылдам ұшатын тосқауыл дрондарын әзірлеп жатыр. Қазір олардың 5 үлгісі сынақтан өтуде. Зеленскийдің сөзінше, қазанның соңына дейін бір үлгінің шамамен 400 данасын шығару мүмкін болады, қалған төртеуі әзірге сынақ кезеңінде қалады.
Бірақ өндірісті көбейтуге қозғалтқыш тапшылығы кедергі келтіріп отыр.
«Қозғалтқыштар – табыстың кілті. Біз шынында да көп қозғалтқышты сырттан әкелеміз. Өзіміз шығаратын қозғалтқыштар да бар, бірақ олардың саны жеткіліксіз», деді Зеленский.
Оның айтуынша, бюджет тапшылығы да қорғанысқа аса қажет қару-жарақты әзірлеуге және көптеп өндіруге бөгет болып отыр.
АҚШ-та жасалған F-16 жойғыштары жаңа реактивті дрондарға қарсы тиімділігін көрсеткен, дейді Украина президенті. Алайда оның сөзінше, бұл ұшақтардың шамамен жартысы Еуропада ұзақ уақыт жөндеуде немесе техникалық қызмет көрсетуде тұрады.
Зеленский кейбір жойғыштардың қайтарылуы тым созылып, әуе кеңістігін қорғауға аса қажет кезде Украина уақыт жоғалтқанын айтты. Ол ұшақтарды ұрыс жүріп жатқан аймаққа жақынырақ жерде жөндеу оларды тезірек қатарға қосуға мүмкіндік береді деп есептейді.
Президент АҚШ пен Еуропа елдерінің үкіметтерін де сынады. Оның пікірінше, оларда Мәскеуге экономикалық және дипломатиялық қысымды күшейтетін тетіктер бар, бірақ Путинді соғысты тоқтатуға мәжбүрлейтін саяси ерік жеткіліксіз.
Серіктестері Киевке көмектесу үшін қолдан келгеннің бәрін жасап жатыр ма деген сұраққа Зеленский: «Әрине, бұл жеткіліксіз», деп жауап берді.
Соңғы жаңалықтар