«Орнымнан тұрмасам, жолаушылар өлер еді»: Flydubai ұшағының ерлік көрсеткен ұшқыш мән-жайды айтты

02.10.2026 • 17:02 Мөлдір ҚАЙНАР
«Орнымнан тұрмасам, жолаушылар өлер еді»: Flydubai ұшағының ерлік көрсеткен ұшқыш мән-жайды айтты
192
Фото: коллаж Ulysmedia

Үндістан премьер-министрі Нарендра Моди Flydubai әуе компаниясының ұшағындағы төтенше жағдай кезінде ерлік танытқан азаматтық авиация ұшқышы Смит Маччхармен телефон арқылы тілдесті, деп хабарлайды Politico.kz Guardian басылымына сілтеме жасап.

Қазіргі таңда Абу-Дабидегі ауруханада емделіп жатқан Үндістан азаматы Смит Маччхар үкімет басшысына борты апат сигналын берген рейстегі қауіпті сәттердің қалай өткенін баяндап берді. Әңгіменің видеосын Нарендра Моди X әлеуметтік желісіндегі парақшасында жариялады.

«Денемнің сау-тамтығы қалмады, көп жарақат алдым. Құлап бара жаттым, бірақ өмірім үшін күрестім. Бір сәтте егер мен қалайда аяғыма тұрмасам, борттағы барлық жолаушылардың мерт болатынын түсіндім», – деді ұшқыш.

Мумбай тумасы Дубайдан Тель-Авивке бағыт алған рейс кезінде ауыр жарақат алғанына қарамастан, Boeing 737 ұшағы күрт төмендей бастаған сәтте кабинаның есігін ашып үлгерген. Соның арқасында жолаушылар кабинаға кіріп, шабуылдаушыны залалсыздандырған. Оның бұл батыл әрекеті қаһармандық деп бағаланып, әлемдік көшбасшылар ұшқыштың үлкен апаттың алдын алғанын атап өтті.

Сондай-ақ пилот Үндістан премьер-министріне ең қиын шақта күш-қуат пен батылдық беретін «Хануман Чалиса» діни гимнін іштей оқығанын айтты:

«Маған батылдық сыйлаған Хануман тәңірі болды», – деп жеткізді ол.

Flydubai ұшағындағы төтенше оқиға

30 қыркүйекте Сауд Арабиясының әуе кеңістігінде бұрылыс жасаған Boeing 737 жолаушылар ұшағы әуе кемесінің басып алынғанын немесе заңсыз араласуды білдіретін «7500» кодын жібергені хабарланған еді. Қауіпті дабылдан кейін Израиль әуе күштерінің жойғыштары көкке көтерілді. Кейін лайнер Сауд Арабиясына сәтті қонды, ал Flydubai әуе компаниясы рейс кезінде ұшқыштар арасында жанжал мен төбелес болғанын мәлімдеген болатын.

Войдите, чтобы оставить комментарий